Еуропада КВИ жұқтырғандардың рекордтық көрсеткіші
Еуропа елдерінде коронавирус жұқтырғандардың рекордтық көрсеткіші тіркеліп жатыр. Кешелі бері Италия, Франция және Германияда науқас саны күрт артқан. Эпидахуал ушыққан соң, Франция президенті локдаун жариялады. Өзге елдер де шектеу шараларын күшейтіп, Кәрі құрлықта мәдени, спорт және ойын-сауық нысандары қайтадан жабылып жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
29.10.2020
Дерт дендеген елдердегі қазіргі ахуалды шетелде тұратын отандастарымыздан сұрап білген едік.
Францияда коронавирустың таралу қарқыны күшейді. Бұл елде бір күнде бақандай 30 мыңнан астам адам ауруға душар болса, 523 жан індетті жеңе алмай көз жұмған. Ел президенті Эмманюэль Макрон жұқпалы дерттің екінші толқынына төтеп беру үшін желтоқсан айына дейін локдаун жариялайтынын мәлімдеді. Жаңа талаптарға сәйкес, кафе, мейрамхана, мәдени және ойын-сауық мекемелері уақытша жабылмақ.
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
- Балабақшалар мен мектептер жұмысын жалғастыра береді. Студенттер сабағын онлайн форматта оқиды. Ал тұрғындар тек жүгіруге, жұмыс пен мектепке, дүкен мен ауруханаға ғана баруға сыртқа шыға алады. Қолында рұқсат қағазы болуы тиіс.
Италияда да кесел қайтадан кеулеп барады. Соңғы тәулікте аталған мемлекетте вирустың құрығына 25 мыңға жуық адам іліксе, аурудан 205 жан ажал құшқан. Верона қаласында тұратын отандасымыз Стелла мұндай рекордтық көрсеткіш көптен бері тіркелмегенін жеткізді. Ол Италияның барлық қаласында шектеу шаралары күшейтіліп, кинотеатр, театр, бассейн мен спорт залдардың есіктеріне қара құлып салынғанын айтады.
Стелла Момотюк:
- Елде азық-түлік және киім сататын дүкендер бұрыңғыдай жұмыс істеп жатыр. Ал тамақтанатын орындар кешкі алтыда толық жабылады. Туристердің саны биыл екі есеге дейін қысқарды. Қазір Италияда жағдай күннен күнге қиындап барады. Ауру асқынған соң халық санитарлық ережелерді барынша сақтап жүр.
Германия канцлері Ангела Меркель де әріптестерінен қалыспай, карантин талаптарын қатаңдатты. Енді бір ай бойы ел аумағы бойынша барлық фитнес-орталықтары мен сән салондары жұмысын тоқтатпақ. Қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлер де жабылады. Бұл мемлекетте аурудың асқынғанын жерлесіміз Лейла да растады. Оның айтуынша, пандемияда экономика әлсіремес үшін Германия үкіметі табысынан қағылған шағын компанияларға қаржылай көмек көрсетпек.
Лейла Берг:
- Шаш етектен шығынға батқан орта және кіші бизнес өкілдеріне мемлекет қаржылай көмек көрсетеді. Өтемақыны жұмысшы саны 50-ден аспайтын кәсіпорын алады. Бұл жақта адамдар қазір өте ашуы. Өйткені ахуал қайтадан ушығады деп ешкім ойламаған. Жұрт жаңа шектеулерге қарсылық білдіріп, наразылық шарасына да шығып жатыр. 2-қарашадан бастап мұнда туристерге келуге тыйым салынады.
Еуропаның өзге елдері де індет кең етек жаймас үшін сақтық шараларына көшкен. Себебі, мамандар коронавирустың екінші толқыны біріншісінен де қиын болады деген болжам жасап отыр. Сондықтан қалыпты тіршілікке орала бастаған еуропалықтар ауру айылын жимаса, алдағы уақытта қайтадан төрт қабырғаға телміруі ғажап емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!