Есіктегі өрт: Суретші бейнеттің зейнеті тұрмақ, зейнетақысын көріп үлгермеді
Ажал құштырған алапат өрт. Алматы облысында жер үй отқа оранып, бір ер адам қаза тапты. Төтеншеліктер хабардың кеш түсуі және баспананың тез жанатын құрылыс заттарынан тұрғызылуы жағдайды қиындатып, тіпті жалын көрші үйді шарпи жаздағанын айтады. Ал Есік қаласында қайғыдан қан жұтып қара жамылған марқұмның туыстары жақында ғана зейнет жасына толған азаматтың суретші болғанын айтады.
Автор: Мақсат Мәлік
29.10.2020
Есік қаласындағы екі қабатты жер үйдің құр қаңқасын қалдырған алапат өрт таңғы алты шамасында тұтаныпты. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, әуелі төңіректі дүр сілкіндірген қатты дауыс естіліпті. Барлығы жалма-жан терезеден сыртқа үңілгенде көрші үйдің отқа оранғанын көреді.
- Аспанға шарпыған мұндай өртті өмірімде көрген емеспін. Иттер қорыққаннан үріп, көшені басына көтерді. Киініп далаға шықтым. Улап-шулап, көршілердің бәрі жиналды. Бірақ бұл кезде қолымыздан ештеңе келмейтін еді.
Қызыл жалыннан ажал құшқан ер адам сол сәтте үйде жалғыз болыпты. Жанып кеткен денені өрт сөндірушілер тауып алған. Қабырғасы қайысып қара жамылған туысқандары айналасына сыйлы азаматтың ауданда белгілі суретші болғанын айтады. Жақында ғана 63 жасқа толған марқұм бейнетінің зейнетін көрмек түгілі, алғашқы зейнетақысын алып үлгермеген.
Ермек Нысаналы, марқұмның туысы:
- Қайғылы жағдай, қайтеміз енді... Өнерлі кісі еді. Қолынан бал тамған, бес саусағы өнерлі. Ауданға белгілі суретші. Отбасымен бәрі өнерлі. Балаларымен шағын кәсібін ашып, тіршілік етіп жүр еді. Немере сін бағып отыды...
Төтеншеліктердің дерегінше, өрт сөнідрушілер оқиға орнына дер кезінде жеткен. Алайда орталыққа хабардың кеш түсуі және үйдің тез жанатын заттардан тұрғызылуы жағдайды қиындатып жіберген. Өйткені баспанадан бөлек, жанындағы сарайдың түгін қалдырмаған өртті көрші үйге жете берісте әрең тоқтатыпты.
Ерлан Ахашов, Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Өрт шыққан жерге үш техника мен 11 қызметкер тез арада келіп жеткен. Тілсіз жауды ауыздықтағанда мамандар іштен бір оттегі және бір газ баллонын шығарып үлгерді. Өкінішке қарай, үйдегі ер адам қаза тапты. Ал өрт 200 шаршы метр аумаққа таралған.
Қазір төтеншеліктер бір адамның өмірін жалмаған өрттің шығу себебін анықтап жатыр. іОған бірнеше апта кетуі мүмкіні, - дейді мамандар. Ал марқұмның денесі ертең жер қойнына тапсырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!