Шетелден ПТР-тестсіз келгендерді карантинде ұстау мерзімі ұзартылды
Еліміздің бас санитар дәрігері шетелден ПТР-тестсіз келген отандастарымызды карантинде ұстау мерзімін ұзартты. Енді ол екі емес, жеті күн болады. Осы тұста Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған тұрғындардың ауруын жасыруы көбейген. Науқастар тұрғылықты жері, жұмыс орны мен байланыста болған адамдары туралы жалған ақпарат беріп жүр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
29.10.2020
«Бұл жағдайлар бас шаһардағы індет ошақтарын анықтауға мүмкіндік бермейді, сондай-ақ, қауіпті індеттің қайта өршуіне жол беріп жатыр», - дейді астананың бас санитар дәрігерлері.
Жанна Пірәлиева, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері:
- Соңғы уақытта COVID-19 науқастарының фактісін жасыру және тұрғылықты жері мен жұмыс орнын, жақын байланыста болғаны туралы жалған ақпарат беру жиіледі. Ошақтарды оқшаулауда эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізуге мүмкіндік бермейді.
Ал шектеу шараларын жеңілдетуді санитар дәрігерлер қарастырып та отырған жоқ. Өйткені бас қала қазір «сары аймаққа» көшкен. Елордада кейінгі аптада коронавирус жұқтырғандар саны артқан және оның көбі өздігінен дәрігерге жүгіну кезінде анықталыпты.
Дәрігерлер карантин талаптарын бұзатындардың қатары әлі де азаймағанын алға тартады. Мәселен, мониторингтік топтардың қатысуымен өткен тексерісте қарапайым тұрғындарға ғана емес, кәсіпкерлерге де жалпы сомасы 160 миллион теңгеден астам жүздеген айыппұл салыныпты. Тамақтану орындары, дүкендер мен сұлулық салондары заңға бағынбаған.
Госман Жакин, Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметi басқармасының бастығы:
- Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кейбір ойын-сауық мекемесі санитарлық талапты бұзып, тыйым салынған уақытта қызмет көрсетуін жалғастыруда. Анықталған заңбұзушылықтарға әкімшілік жауапкершілік қаралған. Жинақталған материал қаланың тауар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!