{metadescription}
Өтеген батыр кентіндегі көпқабатты үй жылусыз қалған – Алматы облысы
Өтеген батыр кентіндегі көпқабатты үй жылусыз қалған – Алматы облысы

Өтеген батыр кентіндегі көпқабатты үй жылусыз қалған – Алматы облысы

Алматы облысында бірнеше отбасы баспанасында бүрсең қағып отыр. Өтеген батыр кенті тұрғындарының айтуынша, көпқабатты үйге берілетін жылудың тоқтағанына бір аптадан асыпты. Ал жылу орталығынан келетін құбыр жарылып, соны «жөндеп жатырмыз» деп ақталған жергілікті шенеуніктер мәселені «тез арада шешеміз» дейді.

Бірақ ашулы ағайын бұған дейін жауапты тұлғалардың төбе көрсетпегеніне және арнайы келіп ешкімнің жағдайды түсіндірмегеніне наразы.

- Күн суытып барады, үйімізде де тастай суық. Әсіресе түнде қатып қаламыз.

Әзиза Ғизатова біресе ас үйде газ плита қосып, одан қалды келесі бөлмеде арнайы жылытқыш құрылғыны тоққа жалғап әлек. Келіншектің айтуынша, қара күзде азынаған үйде бір сәт байыз тауып отыру мұңға айналған. Бөлме ішінде қабат-қабат киініп жүретін екі баланың анасы бүйте берсе кішкентайларына суық тие ме деп уайымдайды. 

Әзиза Ғизатова, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:

- Ұйықтаған кезде қатты қымтанып жатамыз. Бір жағынан күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ үйдің суықтығынан таңертең тұрғың келмейді. Күндіз көбіне сыртта серуендеп жүреміз. Себебі, баспанамыздан дала жылы болып тұр.

Өтеген батыр ауылы тұрғындарының айтуынша, жылудың көзден бұлбұл ұшқанына бір аптадан асыпты. Содан бері көпқабатты үйде бүрсең қаққан 56 отбасы «ешкім елейтін емес» деп қапалы. Өйткені бір апта бойы төбе көрсетпеген жергілікті шенеуніктер тек бүгін ғана апыл-ғұпыл іске кіріскен көрінеді.

Ирина Штефина, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:

- Бізге ешкім ештеңе ескерткен жоқ. Егер жылу жүйесінде қандай да бір жұмыс жүргізілсе, бізге хабар беру керек қой. Ыстық су мен жылуға зар болып қалдық. Дүйсенбіде пәтер иелері кооперативіне барып мән-жайды сұрағанмын. Олар да ештең білмейміз деп жауап қайырды.

Ал жергілікті әкімдіктегілер үйдің кіреберісінде жылу орталығынан келетін құбыр жарылған деп отыр. Шенеуніктердің айтуынша, өткенде аптада екі бірдей көпқабатты үйде апатты жағдай болып, уақытша қиындық туындаған. Бірақ ауылдық округтің әкімі «қол қусырып қарап отырған жоқпыз» дейді. 

Бауыржан Жұмабаев, Электерический ауылдық округінің әкімі:

- Ол 28-қазанда, кеше ғана оның жұмысын жасап бітті. Ол да құбырдың жарылуынан болған. Бүгінде осы 41-ші үйдің қазу жұмысы істелді. ПИК құбырға кетті, соны алып келіп, кешке дейін бұл мәселені шешеміз.

Жылыту маусымы басталмай жатып құбырлары сыр берген ауыл шенеуніктері «бүгін жылу беріледі» деп қысқа қайырды. Ал тұрғындар  әкімнің уәдесіне сенгеннен басқа амал қалмады дейді.

Өтеген батыр кентінде орталық жылуға қосылған 121 көпқабатты үй бар. Өкініштісі, жер астындағы құбырлардың 80 пайызы ескірген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.