Биыл берілген үйлердің жертөлесін кәріз суы басқан – Атырау
Атырауда биыл ғана пайдалануға берілген тоғыз қабатты үйлердің жертөлесіне кәрізден шайынды су ағып, есік-терезесінен жел гулеп тұр. Тұрғындар оның сапасыздығын айтып шағымдануда. Атырауда соңғы жылдары салынған көп қабатты тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді.
Автор: Бекен Әлирахым
30.10.2020
Соңғы екі жылда бой көтерген 26 ғимараттың басым бөлігіндегі жағдай осындай.
- Тек қыстың басы мынау, қыстың ортасында не болады?!
Береке ықшамауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйге жұрттың алды былтыр, соңы осы жазда қоныстанған. Басқа кем-кетігін айтпағанның өзінде, кәріз суын соратын сорғыштар істен шығып, шайынды кері атқылай бастаған. Пәтеріне ай сайын жүз мыңдап ипотекалық несие төлеп отырған қарапайым халық: «Мұңымызды шағайық десек, жауапты мекеме таппай зар боламыз», - дейді.
Гүлайым Мәмбеталина, Атырау қаласының тұрғыны:
- Өз боғымызға батып жатырмыз.Сол біздің проблемамызды, жанайқаймызды, мына қырғын халықтың жанайқайын естісін дейміз. Бізді футбол добындай құсатып тебеді ПИК «үй салушылар» десе, үй салғандар «су арнасы» дейді.
Жанат Мырзешева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Алдынан бері жазып жатырмыз, ПИК-не де жаздық. Әкімдік тіпті алмайды, бәрі өз басын алып қашып отыр. Ешкім ештеңе істемейді, тек уәде береді. Еш нәтиже көріп тұрған жоқпыз.
Оң жамбасымен тұрды ма, бүгін қалалық әкімдіктің өкілдері ақыры келді. Олар көпшіліктің арыз-шағымын тыңдап, кемшіліктітізіп, қағаз жүзінде тапсыруды талап етті.
Батыржан Мұсақаев, Атырау қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Аталған мәселені түпкілікті ретке келтіру мақсатында жаңа сорғыштарға тапсырыс беру жүргізіліп жатыр. Қазір бізге арыз жүзінде қалалық құрылысы бөліміне өз ақауы, қандай бар екенін бізге ұсынатын болады.
Шенеунік кәріз проблемасын екі аптада шешіп беруге көпшілікке уәде берді. Ал қалған ақауды тұрғын үй құрылысын жүргізуші және инженерлік-инфрақұрылымдық жүйеге жауапты мекеме екі жылдық кепілдік келісім-шартқа сәйкес қайта қалпына келтіруі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!