15 ер-азамат құжатсыз, киім-кешексіз қалды – Елордадағы өрт
Нұр-Сұлтанда жалға берілетін тұрғын үй өртеніп кетті. Зардап шеккендер жоқ. Жалын жалмаған үйде негізінен ер-азаматтар жалдап тұрған. Кейбірінің құжаты өртеніп, басым көпшілігі қыстық киімсіз қалды. Қазір еріктілер көмек қорын жинауға кірісіп кеткен. Ал өрттің себебі әзірге белгісіз. Оқиға орнында тілшіміз болып қайтты.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
30.10.2020
Тез тұтанғыш жабынды материал санаулы сәтте күлге айналды. Абырой болғанда өрт тұтанған үйдің ішінде тірі жан болмаған. Жалынды байқаған көршілер дабыл қағып төтеншеліктерді уақытында шақырды.
Астанадағы Шұбар ықшамауданы. Терезесінен жалын атқан үйдің ішінде түк қалмағаны белгілі. Ықшамаудандағы барлық үй-жайлар бір-біріне иін тіресе салынған. Өрт лап берген үйдің қарсы бетінде балабақша орналасқан. Жанған баспана иесін былай қойғанда, маңайдағы көрші-көлемнің тегіс мазасы кеткені анық.
Бағлан Башенов:
- Лап берген жалынды терезеден байқадық. Оттың лаулағанына қарап, көрші үйге ұласады-ау деп қауіптендік. Төбесінің шеткі бөлігін балқытып жіберді.
Төтеншеліктер таратқан дерекке сәйкес, өрт жалмаған аумақ 150 шаршы метрдей. Бірақ күлге айналған аумақтың айтарлықтай екені көзге ұрып тұр. Жалынның неден тұтанғаны белгісіз, төтенше жағдайлар министрлігі профилактикалық шара жайлы, яғни пеш жағу қауіпсіздігін тұрғындарға тәптіштегенін жеткізді.
Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:
- Жылыту маусымы басталғалы барлық азаматтарға бұл жердегі пешті қолдану, оның ережесі және қауіпсіздігі мақсатында арнайы профилактикалық түсіндіру жүргізілген. Қазір бұл өрттің нақты неден шыққаны белгісіз. Анықталғаннан кейін қосымша хабарлаймыз.
Өртенген екі қабатты үймен жапсарлас салынған баспананың жалға берілгені анық болды. Өрт сол жерден шыққан. Онда 15 ер-азаматтың паналағаны да айтылып жатыр. Құжаттары мен киім-кешектері жанып кеткен. Астаналық еріктілер көмек қорын жинап жатқанын хабарлады. Бұл жағдайдан кейін нысан иесінің қауіпсіздік ережесін қаншалықты сақтағаны, маңайдағы үйлердің жайы тағы бір пысықталып тексерілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!