Елімізде COVID-19 қайта күшейіп барады
Шығыс Қазақстаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысы да «сары аймаққа» енгізілді. Қызылжар өңіріне қарасты Мамлютка қаласындағы мектеп-интернаттың екі оқушысынан коронавирус анықталған. Қауіпті кеселге шалдыққан 16 және 6 жастағы балалардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір ем-дом қабылдауда.
Автор: Руслан Әбдіхалық
30.10.2020
Науқастармен 17 бала жақын қатынаста болыпты. Қазір олар қатаң бақылауға алынды. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты Мамлютка қаласына 11-қазаннан бастап карантин енгізілген. Елдімекенге кіріп-шығуға рұқсат жоқ.
Қазақстанда соңғы күндері COVID-19 қайта күш алғандай, таралу қарқыны қатты. Бір күнде елімізде 392 адам КВИ індетіне шалдыққан. Өткен тәулікпен салыстырғанда 124 адамға артты.
Коронавирус пневмониясына душар болғандардың саны – 195. Қос індет күні бүгінге дейін 2243 адамның өмірін жалмады. Оның алтауы соңғы тәулікте көз жұмған. COVID-19-ды жұқтырғандардың жалпы саны 111 мыңнан асса, коронавирус пневмониясына шалдыққандар 37 мыңнан асып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!