Еуропа COVID-19 жұқтырғандар күрт көбейді – карантинге наразылық
Еуропа елдері коронавирустың таралуын тоқтату үшін карантин шарасын қайта енгізуге мәжбүр. Мәселен Германия, Франция және Белгияда кәсіпорындар жабылып, тұрғындардың бейсауыт көшеге шығуына тыйым салынып жатыр. Себебі күзгі салқын түсісімен COVID-19 жұқтырғандар күрт көбейіп кеткен. Алайда Италия мен Испанияда карантин талаптарына мойынсұнғысы келмейтін азаматтар көшеге шығып, биліктің бұл шешіміне наразылық білдіруде.
Автор: Диас Нұрақын
02.11.2020
Германияда бүгіннен бастап тағы да карантин жарияланды. Жұқпалы індеттің таралу қарқынын бәсеңдетуге билік бір айға фитнес-клуб, бассейн, мейрамхана мен кафелердің жұмыс істеуіне тыйым салды. Алайда балабақша мен мектептер және шаштараздар жабылмайды.
Ұлыбритания 5-қарашадан бастап карантин енгізбекші. Тұрғындарға тек жұмысқа немесе ауруханаға баруға рұқсат етілмек. Себебі, Англияда коронавирус жұқтырғандар саны бір миллионнан асып кетті.
- Қатаң шаралар арқылы аурудың таралуын азайтуға болады. Бірақ жұмыс орындары мен оқу ордалары жабылмайды. Сондықтан карантиннен кейін жағдай түзеледі деп ойламаймын.
Бельгия билігі келесі дүйсенбіден бастап барлық демалыс орындары мен адам көп жүретін жерлерді жаппақшы. Оқушылар 15 күнге күзгі демалысқа жіберілді. Елде тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Ауруханалар науқастарға толып кеткен. Сондықтан коронавирус жұқтырғандарды билік көрші елдерге жіберіп емдетуге мәжбүр.
- Үкімет коронавируспен күресуге қауқарсыз. Аурудың алдын-алуға шамасы жетпей жатыр. Елдегі санитарлық жағдай нашар.
Испанияда да карантин күшейтілді. Алайда жергілікті халық биліктің бұл шешіміне наразы. Сондықтан Барселона, Малага, Бильбао, Мадрид қалаларының тұрғындары көшеге шығып қырғын салуда.
Борха Мера:
- Үкімет коронавируспен күресу үшін ауруханаларға ақша бөліп, дәрігерлерді көптеп тартуы керек. Әлеуметтік шектеу енгізгенмен, ауруды жеңе алмайсың.
Дәл осындай дүрбелең Италияда да басталды. Апенин түбегінде карантиннің күшейтілуіне наразы халық көшеге шықты. Олар үкіметтен жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік қолдау көрсетілуін талап етуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!