Оралда экс- әйелін кепілге алған азамат сотта да айылын жимады
Оралда бұрынғы әйелін кепілге алған азаматқа қатысты сот үкімі шықты. 13 жылға бас бостандығынан айырылған ол енді жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтеуі тиіс. Осыдан тура бір жыл бұрын бүкіл елді шулатқан қылмыскер бүгін сот процесі кезінде де өзінің әлі түзелмегенін дәлелдеп береді. Сол уақыттан бері әйелін қорқытып-үркітіп келген ол бүгін сот үкімі шығар сәтте де айылын жиған жоқ.
Автор: Бекен Әлирахым
02.11.2020
- Сотталушы, Исламғалиев, сұрағыңыз бар ма?
- Арам қатқыр, оңбаған, бл*дь!
- Тыныш, қызметкер, ана жерден микрофонды өшіріп тастаңыз.
Өз-өзін ұстай алмайтындықтан үкім шығар кезде де бұл азамат сот залына шақырылған жоқ. Оны тергеу қапасынан тікелей байланысқа қосты. Ерлан Исламғалиев былтыр қараша айында қамауға алынған.
Ол өткен жылы бұрынғы жұбайының жұмыс кеңсесіне баса-көктеп кіріп, жеті сағат бойы жақын маңдағы елді де, тәртіп сақшыларын да әбден әбіргерге салған болатын. Ал әйелі Ираиданы ұрып-соғып пышақ сұққанымен қоймай, кеңседе зорлаған. Қолында гранатасы да болды. Бірақ ол шын мәніндегі жарылғыш емес, оқу-жаттығуға арналған құрал болып шықты. Исламғалиев полицейлерге кәмпит пен аққайнар алдырып, бірнеше миллион АҚШ доллары мен тікұшақ талап еткен болатын. Тергеу кезінде бұл азаматтың әйелі мен оның баласына бірнеше жылдан бері осылай қорлық көрсетіп келгені анықталды. Сот үкіміне сәйкес, ол зардап шегушіге 10 миллион теңге өтемақы төлеуі тиіс.
Тамара Сәрсенова, зардап шегушінің адвокаты:
- Ол сот процесі кезінде әйелін қалай өлтіретінін, оны баяғыда-ақ өртеп жіберуі керектігін, арнайы жасақ оны мәңгі күзетпейтінін, қайтсе де тауып алып, бәрібір көзін жоятынын айғайлап айтып отырды. Осы пиғылымен ол әйелдің өміріне тікелей қауіп төндіріп отыр. Бұл оның райынан еш қайтпағандығына дәлел. Қайта «сот мені түзете алмайды, сен де мені түзете алмайсың» деген сөзін қадап тұрып айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!