Өңірлердегі ахуал ушыға түсті
Ал коронавирус қайта күшіне мінді. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысында науқастардың саны күрт артып, бұл өңір «қызыл аймаққа» енді. Күн санап ахуал ушыққан аймақта вирустың алдын алу мақсатында түрлі шаралар жасалып жатыр. Тіпті қолына Ковид-19 жұқтырмаған деген анықтамасы жоқ 49 жолушы әуе рейсіне жіберілмеген. Ал еліміздің басқа өңірлері де карантиндік шектеу шараларын күшейтіп, қауырт қамданып жатыр.
Автор: Мақсат Мәлік
03.11.2020
Эпидемиологиялық жағдай күн санап күрделенген Шығыс Қазақстан облысында коронавирус күшейіп тұр. Бір тәулікте 226 адам қатерлі індет жұқтырған өңір «қызыл аймаққа» енгізілді. Тіпті, өзге қалаға ұшуы тиіс 49 жолаушы әуе рейсіне жіберілген жоқ. Өскемен мен Семей әуежайына келген тұрғындар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласына жолға шығыпты. Бірақ, олардан ПТР тест анықтамасы табылмағандықтан кері қайтарған. Тіпті, астанаға бағыт алғандардың екеуі қулыққа басып, мерзімі өткен анықтама көресетіпті.
Бағлан Тауанова, ШҚО тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:
- Осыған байланысты 1-қарашадан бастап аймақ шекарасына санитарлық нысандар қойылған болатын. Өңір басшылығы күшейтілген карантин кезінде облыс халқының қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Ал карантин шаралары Ақмола облысында да күшіне мінбек. Алдағы сенбіден бастап Көкшетауды айнала шыға беріс жолдарға 6 санитарлық бекет орнату көзделген. Өйткені, қазан айына қарағанда кароновирусқа шалдыққандар саны 2 есеге көбейген. Бұдан былай қалаға кіріп-шыққан әрбір адамның дене қызуы өлшеніп, арнайы анкета толтырады. Керек десеңіз, электронды базадан кез келген адамның жұқпалы дертпен ауырғаны және науқаспен байланыста болғаны тексеріліп отырады.
Айнагүл Мусина, Ақмола облыстық тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаментінің басшысы:
- Барлық елді мекендерде, қала ішінде де шектеу шаралары күшейтіледі. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты қысқарып, демалыс күндері жабық болады. Қоғамдық көліктер де демалыс күндері тоқтатылып, сауда орындары жұмыс істемейді.
Ақтөбе облысында да қатерлі инфекциямен күрес күшейтілмек. Әсіресе, аурухана мен емханалардағы шектеу шаралары артып, дәрігерлердің өзі сақтықты қатаң сақтауға міндеттеледі. Тіпті, олардың әр қадамы бейне бақылау камерасымен қадағаланады. Сол себепті барлық бөлімдер арнайы құралмен жабдықталуы тиіс. Аймақтағы медицина қызметкерлері күніне екі мәрте дене қызуын өлшеп тұруы шарт. Сондай-ақ, дәрігерлер мен науқастардың көрші бөлімдерді кезіп кетуіне жол жоқ.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл видео жүйе бұрыннан бері жұмыс жасап тұр. Егер ұсақ медициналық мекемелер болатын болса олар тапсырып беріп жатыр. Сол жақын арада орнатылатын болады. Қаражат бойынша нақты мәлімет жоқ. Өйткені әрбір мекеме өздігінен тапсырыс жасайды.
Ал Алматы қаласында жаңа қауылға сәйкес шаһарды вирустан залалсыздандыру жұмыстары қызу жүргізіледі. Бас санитар дәрігердің айтуынша, тұрғын үйлердің кіре берісі мен баспалдақтары, балалар алаңы мен орындықтар аптасына үш мәрте тазаланады. Адам нөпірі көп қоғамдық көліктер де назардан тыс қалмайды.
Айта кетейік, кейір өңір секілді Алматы қаласындағы эпидемиологиялық ахуал да оңып тұрған жоқ. Алатау бөктерінде өткен айда науқастардың саны екі есеге көбейіпті. Сондықтан мамандар адам көп жиналатын орындардан аулақ жүріп, сақтық шарасын қатаң сақтауға кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!