Тұсаукесер: КТК арнасы алаяқтар туралы жаңа сериал ұсынады
Немересі үшін алаяқ атанды! КТК арнасы су жаңа криминалдық сериалдың тұсаукесеріне шақырады. «Аферисты» атты туынды өмірден алынған оқиғалардың негізінде түсірілген. Яғни соңғы кездері тарап кеткен несие алаяқтары туралы. Халықты жеңіл ақшамен қызықтырып, қармағына түсірушілер кімдер? Оларды «айлакер» атануға итермелейтін не нәрсе? Рөлдерде кілең әйгіл актерлер ойнайтын кинотуынды келесі аптадан бастап біздің арнада көрсетіледі.
Автор: Аруна Ортай
04.11.2020
Алпыстан асқан Жақан қарапайым күзетші боп істейді. Аздаған айлығына қызы мен немересін асырап жүрген. Бірақ күндердің күнінде отбасы үлкен қиындыққа тап болады.
Яғни жар дегенде жалғыз немересі қауіпті дертке шалдыққан. Небәрі 3 жастағы сәбиді аман сақтап қалу үшін қымбат ота қажет. Жақан бірден банкке барып, несие сұрайды. Алайда айлығы шайлығына жетпейтін оны банк табалдырығына да жуытпайды.
Ақшаны қайдан аларын білмей аласұраған ақсақал ақыры алаяқтыққа баруға бел буады. Басты рөлді белгілі актер Бақытжан Әлпейісов сомдаған. Ол алаяқтың кейпіне ену оңайға соқпағанын айтады. Себебі, фильмде ол басқа адамдардың атына несие рәсімдеп, соларды сорлатуы тиіс.
Ал оқиға желісі өмірден алынған дейді сериалдың продюсері Максим Ақбаров. Айлакерлердің небір құйтыртқы әрекеттеріне толы сценариді ол 8 жыл бұрын жаза бастаған. Дегенмен, туынды әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпаған. Себебі, сол кездегі алаяқтар әлі де арамызда дейді ол.
Максим Ақбаров, продюсер:
- Алаяқтар қазір де көп. Интернетте де, компаниялар арасында да, тіпті жұртты алдап түсіруге дайын блогерлер де бар. Біз осы сериал арқылы халықты солардың арбауына түсіп қалудан сақтағымыз келеді.
Ақбаровтың өзі де алаяқтан алданған екен. Айтуынша, қызға сенемін деп, ірі ақшадан қағылған. Сол алаяқтардың жасаған әрекетін ол сераилға енгізіпті. Ал сериалдың режиссері жап-жас. Бірақ өте талантты. Ол түсірген фильмдер халықаралық кинофестивальдерде жеңіп шыққан.
Дархан Төлегенов, режиссер:
- Барынша шынайы өмірді көрсетуге тырыстым. Әрине, сериалдағы оқиғаны ешкімнің басына салмасын. Дегенмен, мұндай алаяқтық осы қоғамда, біздің арамызда болып жатқан, біз көріп, естіп жүрген жайттар. Сондықтан халықты сақтандыру үшін осындай туынды түсіруге бел будық.
Сериал атыс-шабыс пен экшнге толы. Кілең атақты актерлер ойнайды. Арасында Ержан Түсіпов, Фархат Әбдірайымов, Алтынай Жолдыбаева бар. Немересінің отасына ақша табу үшін алаяқ атанған ақсақалдың оқиғасы немен біткенін білгіңіз келсе, «Аферисты» сериалын өткізіп алмаңыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!