Ақылы тұрақтың ақшасы жеке компанияның қалтасына түсіп келген
Автотұрақтар үшін ақшаны заңсыз талап еткен. Енді Нұр-Сұлтан қаласындағы Нұржол бульварынан басқа жерге жол бойына көлік койсаңыз, тұрақ үшін ақша төлемеуге болады. Қалалық көлік басқармасы осылай деп жар салды. Бірақ біраз уақыттан бері кейбір тұрақтар ақылы болған. Талапқа мойынсұнған көлік жүргізушілері тиісті ақысын төлеп келген. Әкімдіктің дерегі бойынша, ол ақша паркоматтарды орнатқан компанияның қалтасына кеткен. Ал бюджетке көк тиын да түспеген.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
05.11.2020
Алайда ақылы тұрақтарға жауап беретін серіктестік мұның барлығын негізсіз деп отыр. Астанадағы ақылы тұрақтардың айналасындағы мәселе жайлы Нұрқанат Омарұлы баяндайды.
Әкімдік бұған дейін ел астанасындағы паркоматтардың жұмысына қатысты ләм-мим демеген. Бірақ не түлен түрткені белгісіз, мына «Нұржол» бульварындағы осы паркоматтардан басқаларының жұмысы заңсыз екен. Ол жөнінде әкімдік өздерінің ресми парақшаларында мәлімдеді.
Сондықтан көлік басқармасындағылардың айтуынша, «Астана тұрақ кеңістігі» серіктестігі көлік жүргізушілерден тұрақ ақысын заңсыз алған. Әрі бұл әрекеттеріне қатысты әкімдік ескерту де жасаған. Бірақ компания елемегендіктен, енді шенеуніктер сотқа жүгініп отыр.
Марат Есіркепов, Нұр-Сұлтан қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы:
- Паркоматтардың жұмысына рұқсат болмағандықтан, қалалық әкімшіліктің бюджетіне қаржы түспеді. Ал паркоматтарды серіктестік өз еркімен орнатқандықтан, жасалған төлемдердің барлығы серіктестіктің қалтасына түсіп отырған.
Ал ақылы тұрақтарға жауап беретін компания әкімдіктен ешқандай ескерту келіп түспеді деп мәлімдеді. Оның үстіне, серіктестік аяқ астынан әрекеттерін заңсыз деп отырған әкімдіктің бұл құбылуын кәсіпкерлікке жасалған қастандық деп бағалады.
«Бұдан басқа, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қаланың көше-жол желісін жеңілдету және жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін «Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» жобасын жоспарлы іске асыру үшін жүйелі түрде кедергілер жасады».
Елордалық жүргізушілермен де сөйлесіп көрдік. Бір сағат үшін 100 теңге салмағаны үшін 2-3 мың теңге айыппұл арқалағандарын да кезіктірдік. Сондықтан, паркоматы мен ескертпесі бар жерде 100 теңгесін төлей салғанды қош көретіндер көп. Бірақ ол талапқа қолды бір-ақ сілтегендер де жоқ емес.
- Қанша рет тұрып жатырмын осы жерге төлеген емеспін. Ешкім кеп ақша сұраған емес.
- Не үшін салық төлеп жатырмыз? Сол дұрыс па? Мен салық төлеп жатырмын әр жүрген адымым үшін төлемеймін ғой. Салық төледім бір жылға машина үшін, болды. Мен төлемеймін паркоматқа.
«Астана тұрақ кеңістігі» серіктестігі мен әкімдік арасында осындай дау болып жатыр. Аталмыш паркоматтарға ғана ақша төлемеңдер делінгенімен, елорда тұрақтары тегін болып қала береді деген ешкім жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!