{metadescription}
Елорда тұрғындары «Құмырсқаның илеуін» салуға қарсы
Елорда тұрғындары «Құмырсқаның илеуін» салуға қарсы

Елорда тұрғындары «Құмырсқаның илеуін» салуға қарсы

Елорда тұрғындары қала орталығындағы бірнеше тұрғын үй құрылысына қарсы шықты. Жоба бойынша орталықтағы бос аумаққа 18 үй мен мектеп салынбақ. Бірақ тұрғындар онымен келіспейді.

Өйткені, сол маңдағы №59-мектеп онсыз да үш ауысыммен оқып жатыр. Жаңадан үйлер салынса, жағдай тіпті ушығады екен. Мектепке бала сыймай, қала орталығы ми қайнаған құмырсқаның илеуіне айналады дейді. Оның орнына мектеп пен оқушылар сарайын және демалыс саябағын салып беруді сұрап отыр. Алайда оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Өзара тіл табыса алмаған соң тұрғындар әкімдікпен соттасуға көшкен. Мәселенің жәй-жапсарын елордалық тілшіміз Ербол Тұрымбет ашып айтады.

Даулы құрылысқа қатысты ел-жұрт пен әкімдік араздасқалы қашан. Осы жолы да сөздері жараспай қойды. Тұрғындармен тіл табысам деп келген әкім орынбасарын тайлы-тұяғы қалмай, масқаралап тастады.

Талайдан бері созылып келе жатқан дау бәрін мезі еткен. Сондықтан әкімдік өкілін тыңдағысы жоқ. «А» деп ауыз аша бастаса болғаны, тағы масқарасын шығарады.

Дауға айналған жер аумағында құрылыстың өзі қызып жатыр. Төңіректегі тұрғындардың наразылығына қарап жатқан ешкім жоқ. Алдағы бірер жылдықта көпқабатты зәулім үйлер қаптап шыға келсе, мұндағы халықтың құмырсқадай құжынайтыны бір бөлек, мектепке бала сыймайын деп тұр екен. Тұрғындар да мұның бәрі заңсыз дейді.

Олжас Біләлов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Қала құрылысы деген заң бар. Ең басты заң. Оның бір тармағы бар Сол тармаққа сәйкес, мына жердің түпкілікті жоспарлау жобасы 2015-те мақұлданған. Оған ешқандай өзгеріс енгізуге болмайды. Олар 2019-да енгізген өзгерістерді. Өзгеріс болғанда да жәй емес, 18 тұрғын үй, 23-24 қабат.

Тұрғындардың бұл бесінші рет жиналуы. Бұл жолғы наразылығы ерекше. Мемлекеттің маңдайалды тұлғалары мен қала басшысының суреттерін бекер ұстап тұрған жоқ. Өкпе-реніш жазылған шарлар мен қолдарындағы дауыс ұлғайтқышты да бір мақсатпен алып шыққан.

Алтын Қалымова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Құлақ аспай жатыр. Неге?  Енді біз білмейміз. Біз кішкентай адамдармыз ғой. Енді құлағына жететін шығар деп біз қайта-қайта шығамыз. Өйткені, басқа амалымыз жоқ. Ал енді ертең мына жерге соншама үй салынса, оның балалары қайда барады? Бұлар анау мектепті саламыз дейді. Ол салатын мектебінің орны бір тауық қораның орны сияқты. Оған қанша бала сияды?

Сөйтсе, қала орталығындағы жер аумағы құрылыс компаниясының меншігі екен. О бастағы қаланың бас жоспары бойынша бұл жер баспана салуға арналыпты. Соны негізге алып, құрылыс компаниясы 7-ден 24 қабатқа дейінгі 18 үй салмақшы.

Нұрлан Нүркенов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазір құрылыс салуға рұқсатты әкімдік бермейді. Жаңа талаптар бойынша, құрылыс компаниясы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін жергілікті басқару органын тек құрылысты бастағаны туралы хабардар етеді. Енді бұл жерде үйлер мен мектеп салынады. Ал оқушылар сарайы «Жағалау» ықшамауданында тұрғызылады.

- Құрылыс компаниясының халықтың наразылығына пысқырмай отырғаны да тектен тек емес. Бос жер телімі бас шаһардың қақ ортасында тұр. Бұл жерге үй салып, сатар болса, пәтер құны нарықтағы орташа бағадан бірнеше есе қымбат боларын біліп отыр.

Оның үстіне, жоба қалалық кеңестің мақұлдауын алып, қалалық құрылыс басқармасы келісімін берген. Ал мемлекеттік сараптама да барлығы заңға сай деп баға беріпті. Енді оларға жалғыз кедергі белсенді тұрғындар.

Қазіргі уақытта құрылыс аумағы қоршалған. Ішіндегі жұмыстары да біраз жерге барып қалған. Бұнысы үй салушылардың қалайда алған беттен қайтпаймыз дегені болса керек. Ал осының айналасында тұратын белсенді тұрғындар құрылыс жобасынан 9 түрлі заңбұзушылық тапқандарын айтады. Оның бәріне көз жұмып отырған әкімдікті сотқа беріп, енді қала басшылығымен соттасып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде