Тойдың тарқайтын түрі жоқ
Көкшетауда осы карантин қайтадан күшейген тұста той жасап, ойын-сауық құрғандар қатары да көбейіп кетті. Вирус та өршіп барады. Адам толы мейрамханалар, сондай-ақ, түнгі клубтар есіктерін тарс бекітіп алып, құзырлы орындардан құрылған тексеруші топтарға қарсылық білдіруде. Мәселен, өткен түндегі рейд барысында көкшетаулық полицейлер мен санитарларға той орнын бірнеше сағат қоршап тұруына тура келді. Соның өзінде тойшылар айласын асыруға тырысып бағуда.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
09.11.2020
Көкшетауда коронавирусқа қатысты ахуал күн сайын күрделеніп келеді. Өткен бір аптада аталған дерт 50 адамнан анықталған. Соған байланысты қаладан шыға беріс жолдарға санитарлық бекеттер орнатылып, карантин күшейтіліп жатыр. Бірақ тұрғындар жаңа шектеулерге көнгісі жоқ.
Қазанның 1-ен бастап облыс бойынша 600 рет рейд жасаған мониторингтік топ содан бері 29 миллион теңге айыппұл салған. Бірақ той жасағысы келген жұрт бұған да тоқтар емес. Көпшілік емін-еркін сайран құрып жүр. Мына видеода жүздерін жасырып отырған мемлекеттік қызметкерлер де бар. Ал төрде шалқиып отырған мына азамат өзін құдамын дейді.
Ең бастысы, тойшылар мейрамханаға уақытында жетіп, есігін іштен құлыптап үлгерсе болғаны. Содан кейін күл болмаса, бұл болсын. Полиция мен санитар дәрігерлер есікті қанша қаққанымен ашпайды, әрине. Ең қызығы, өздерін кінәлі деп санамайды.
- Біз кінәліміз бе сонда? Сіз не үшін онда осы ресторанды бересіз адамға? - Неге келдің? Мен сені шақырғам жоқ.
Тексерушілер осы мейрамханаға 4 сағат бойы кіре алмай әуре-сарсаңға түсті. Ғимарат ішінде той жалғасып жатты.
Әсел Сәрсенбаева, Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының орынбасары:
- Әбден ішке кіре алмаған соң «Аристократ» мейрамханасын полициямен бірге қоршап алдық. Кешенді ғимараттың кіріп-шығатын есіктері бірнеше жерде бар. Осы кезде көлік жуу орнынан біреу шығып, клиенттер машиналарын жууға түнге қалдырды деді. Кешікпей, есіктер кезек-кезек ашылып адам толы көліктер қаша жөнелді. Осылай бізді алдап соқты.
Кім кімді алдап жүр? Оны тойшыл қауым вирус шеңгеліне ілінген кезде түсінер дейді санитар мамандар. Әзірге осылайша Көкшетауда той тарқар емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!