Еліміздегі ең білімді оқушы Түркістан облысында тұрады
Еліміздегі үш мыңға жуық оқушының арасынан ең білімдісі, тапқыры анықталды. Ол Түркістан облысында тұратын 9-шы сынып оқушысы.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
12.11.2020
Елордада «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық онлайн турнирдің марапаттау рәсімінде Жолтай Гүлайым ноутбукке ие болды.
Гүлайым Жолтай, турнир жеңімпазы:
- Ойын оқушыны жан-жақты дамытады. Және түрлі жетістіктерге жетуге ынталандырады. Сананы, ойды өсіреді. Жан-жақты дамуға осы ойын көмектесті. Басында ойнағанда қиын болды. Сұрағыңның көбісі кейде дұрыс болмайды. Кейде көңіл-күйің түседі. Кейінірек, дайындала келе, 18 сұрақтың 18-не де жауап беретіндей дайындық нәтижесі болды.
«Кім білгіш?» сайысын Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры осымен бесінші рет, халықаралық деңгейде ұйымдастырып отыр. Турнирдің шарты бойынша әр қатысушы спорт, өнер, Қазақстан, әлем тарихы, табиғат, денсаулық тақырыбында топтастырылған 40 мыңнан астам тапсырмадан тұратын мобильді қосымшаны жүктеп алады. Сөйтіп, үйде отырып-ақ, сұрақтарға онлайн жауап береді. Зияткерлік ойында үш мыңға жуық жоғары сынып оқушысы білімін сынаған. Ақтық сынға тек 12-сі ғана өтіпті. Жобаның мақсаты шәкірттердің білімін шыңдау, шығармашылық пен IT саласына бейімдеу. Дарынды балаларды анықтау және оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал ету. Жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болды.
Азат Шәуеев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы:
- Былтырғы мысалы, ойнап бірінші орын алған бала сол кезде мектеп бітірді ғой, сол маған звондап, аға, сіздің ойыныңыздың арқасында мен ең жоғары балл алдым дейді. Қалай десем, мен жыл бойы ойнадым, 40 мың сұрақтың бәрін жаттап алдым дейді. Өйткені, біз ойынға 70 пайызы ҰБТ сұрақтарын алып кіргіземіз. Сөйтіп, біздің ойынның арқасында мектеп бітіруші балаларымыз жан-жақты болып, ҰБТ-дан жоғары балл иеленіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!