{metadescription}
Шенеуніктер отыз жыл бұрын төселген тас жолды таба алмай ұятқа қалды
Шенеуніктер отыз жыл бұрын төселген тас жолды таба алмай ұятқа қалды

Шенеуніктер отыз жыл бұрын төселген тас жолды таба алмай ұятқа қалды

Түркістан облысында көшелер мен тұрғындар тұтас ұмыт қалған! Сарыағаш қаласының көп жерінде не жол, не жарық жоқ. Соның салдарынан тас қараңғыда жасалып жатқан қылмыс көбейіпті. Түнде ұры-қарыдан қорқатын тұрғындар жаңбыр мен қар болса балшықтан көшеге шыға алмаймыз дейді. Лай болатыны соншалық, ішкі көшелерге такси түгілі, жедел-жәрдем де кіруден бас тартады екен. Ал сапалы су жүргізіп береміз деген шенеуніктер 2 жыл бұрын елдің өзінен ақша жинап, құбыр жүргізгенімен, ол аптасына бірнеше рет тесіледі екен.

Сарыағаштың негізгі орталық көшелерін жөндеп, көркемдеуге күш салатын шенеуніктер ішкі қуыс көшелерді мүлдем ұмытқан сыңайлы. Әйтпесе, біз қазір тұрған жер Майлықожа Сарыағаштың ең орталық көшелерінің бірі. Бірақ. Бұл жерде не жол, не жарық жоқ.

Алдағы күндердің ауа райын аңдып, жауын-шашын болатынын естіген жұрт енді үйден шығудан қаламыз деп отыр. Себебі, бір күн жаңбыр не қар жауса Сарыағаштың сазды жері бір апта балшық болады. Мәселен, күн бұзылған кезде мына тар көшенің тұрғындары тек бордюр үстімен ғана жүреді екен.

Гаухар Жуасова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

- Алдымыз қыс. Жаңбыр болып жатыр, батпақ болады. Міне, қазір енді бала-шағамызға мектеп басталады, бұйыртса. Жүре алмайды.Миы шығады, саз болады. Қаланың ортасы деп кім айтады бұл жерді.Жедел жәрдем кірмейді. Ана жерде тұрып қалай кіреміз бұрыла алмаймыз, түн ішінде батып қаламыз батпақ.

Балшықты былай қойып, құрғақ кезде іңір түсе көшеге шығуға қорқамыз дейді тұрғындар. Себебі, ішкен-шеккендер түнекте тар көшелерге жиналады екен. Жарық болмаған соң қылмыс та көбейген. Жұрт шенеуніктерге айтып нәтиже шығару мүмкін емес деп отыр. Себебі, су жоқ деп шағымданып барғанда жергілікті атқамінерлер халықтың өзінен ақша жинапа, құбыр жүргізіп берген. Бірақ ол да тұрғындардың бас ауруына айналыпты.

Дәмегүл Сырақұлова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

- Сөйтіп жүргізіп берді, шамамыз келгенше 5-10 мыңнан құйылды. Судың бастығы ақша талап етті.Бермесімізге болмады. Онда да сапасыз құбыр қойып, қайта-қайта тесіліп қалады. Бір аптада 2 рет, 3 рет тесіліп қалады. Сусыз отырамыз.

Тұрғындар шақыртқан соң қалалық шенеуніктер жетіп келді. Су беру үшін ақша жинап құбыр жүргізгенін де, оның сапасыз екенін де мойындайды. Айтуларынша, бірер күнде қайтадан сапалы құбыр жүргізбек. Ал, жарықтандыру мәселесі енді шешіледі дейді. Онысы таяуда алты бағанаға орнататын алты шам екен. Ал жол мәселесін су құбырынан соң 400 метрге тас төсеп шешпекші. Десе де шенеунік топырақтың астында тас жол бар деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Мұрат Байғабылов, Сарыағаш қаласы әкімінің орынбасары:

- Одақ кезінде төселінді, көріп тұрсыздар ғой. Мынау асфальт мына жер.

- 30 жыл өтті ғой, Мәке, асфальт деуге келмейді ғой.

- Мынау асфальт қой.

- Асфальт, көрініп тұр ғой.

- Асфальттың қалдықтары.

Басшының қисыны бойынша Сарығаш ішіндегі 230 көшеде 90 пайыз жолдың мәселесі осы көше сияқты шешіліп қойған. Ал жарық мәселесі қиындау. Келесі жылға 21 көшеге шам орнатамыз дейді. Мәселені толық шешіп тастауға қаражаттың жоқтығы қолбайлау боп тұр деген шенеуніктер елдің жоғын бюджеттен емес,бизнесмендерге қол жайып аламыз деп ақталды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде