{metadescription}
Жаңа төселген асфальттың жұлым-жұлымы шықты
Жаңа төселген асфальттың жұлым-жұлымы шықты

Жаңа төселген асфальттың жұлым-жұлымы шықты

Жұлым-жұлымы шыққан жаңа асфальт! Алматы облысының Қарабұлақ ауылында жұрт жылдар бойы күткен жаңа жол салынып бітпей сөгіліп жатыр.

Сапасы сын көтермейтін асфальтты видеоға түсірген тұрғындар мердігер компанияның жауапсыздығына наразы. Халықтың шағымынан кейін ғана жол салушылар асфальт жабындысын қалыңдатып, кемшіліктерін жойып жанталасуда.

Жаңа асфальтты қолымен жұлып алған азамат бұл видеоны күні кеше ғана түсірген. Жұп-жұқа асфальт жабындысының оп-оңай сөгілгеніне күйінген ол жол салушылардың өзге де кемшіліктерін жіпке тізді.

Көптен күткен жолдың сиқы осы деп дабыл қаққандар Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғындары. Ал бітпей жатып сапасы сынға іліккен бұл көшенің ұзындығы бір шақырымға да жетпейді.

Әлеуметтік желіде таралған видеодан кейін бұл көшеде жұмыс қыз-қыз қайнады. Мердігер компания жол төсеуде олқылықтың болғанын мойындайды. Сондықтан олар осы қателікті шуып-шаю үшін асфальттың қалыңдығын 8 см-ге дейін жеткізбек.

Ал тендер ұтып алған «ВS Group» серіктестігіне осы жолды салуға қазынадан 8 жарым миллион теңге бөлініпті. Жауапты компанияның мамандары енді асфальтты қас қарайғанда төсегендіктен жұмысшылар қателікке бой алдырды деп ақталды.    

Оразхан Жұмағалиев, «ВS Group» ЖШС маманы:

- Асфальт зауытының техникалық ақаулары болып, сағат беске дейін күту керек болды. Бес көлік жіберді. Біз мына жақтан күтіп алдық. Түнделетіп салғаннан кейін кейбір жері қисықтау болып қалды. Біздің кінәміз болған соң салып тастаған жерімізге жіп тартып, тағы бір қабат салып жатырмыз.

Ал жолға тапсырыс беруші Талғар ауданының әкімдігі. Алайда атқамінерлер құрылыс компаниясын мүлдем тексермей, жұмыс барысын бұрын-соңды бақыламаған сыңайлы. Өйткені, желіде желдей ескен көріністен кейін елді-мекенге алып-ұшып жеткен әкімдіктегілер бар кінәні мердігер мекемеге сілтей салды. 

Асхат Досжанов, Талғар ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бұл компания бізде биыл бірінші рет қатысып жатыр. Бұл конкурс. Мердігер мекемені өзіміз таңдай алмаймыз. Осы компания ұтып алып, жұмысын жүргізіп жатыр. Жұмыс толық аяқталған жоқ. 

Келісім бойынша жол 30 қарашада толық салынып бітуі тиіс. Алайда бір істі екі рет жасауға мәжбүр болған компания жүктелген жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауы неғайбыл. Сондықтан қарабұлақтықтардың сапасыз жолмен тағы біраз уақыт жүре тұруларына тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

13 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде