Зейнетақы қорынан ақша алғанда табыс салығы ұсталмайтын болды
Зейнетақы қорынан ақшасын алатын азаматтар салықты бөліп төлейді. Онда да зейнетке шыққан соң. Осындай өзгерістер енгізілген Салық кодексін бүгін сенаторлар талқыға салды.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
12.11.2020
Құжатқа сәйкес, жас мөлшеріне қарай, әрі қорда шекті соманың көлеміне байланысты қаржыны кәдесіне жаратқандарға кіріс салығын зейнетке шыққан кезде төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ал пәтер иелері жер салығынан мүлдем босатылмақ. Бірақ жер үйде тұрып жатқандар салықтың бұл түрінен құтылмайды. Нұрқанат Омарұлы жалғастырсын.
Шағын бизнес былай тұрсын ірі компаниялардың өзін тәлтіректеткен дағдарыс уақытында салықты жығылғанға жұдырық дерсіз. «Шықпа, жаным, шықпа» деп шыбын жанын шүберекке түйген қарапайым тұрғындардың мүшкіл күйі бөлек әңгіме. Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді талқылаған сенаторлар бүгін бұқара үшін біршама жеңілдіктерді қарастырып жатыр. Соның бірі зейнетақы қорының белгілі бір мөлшерін кәдеге жарататындарға қатысты. Яғни ол азаматтар қордан алатын ақшасы үшін кіріс салығын кейін бөліп төлесе болады.
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
- Зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бір реттік салық ретінде төлеу керек. Бұл азаматтар үшін тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан салықты зейнетақы жинағын алған кезде емес, тек зейнетке шыққан соң ғана, оның өзінде 16 жылдың ішінде бөліп төлейтін норма енгіздік.
Айта кету керек, зейнетақы қорының белгілі бір мөлшерін алған адам азаматтығын ауыстырса, 10 пайыз салықты сол арада төлеуге міндетті. Ал жеке тұлғалар мүлік пен жер үшін салықты бұрынғыдай жеке-жеке емес, бір-ақ төлеммен жаба салады. Осының арқасында банк комиссиясына және төлем қағаздарын толтыруға кететін шығындар қысқармақ. Ал пәтер иелері жер салығынан түбегейлі босатылады. Бірақ жер үйде тұрып жатқандар бұл шарапатпен қамтылмайды. Себебі, былтыр жекменшік үй иелері бюджетке 2 миллиард 700 миллион теңге көлемінде жер салығын төлеген. Егер оларды да жер салығынан босатса, аудандар мен кенттердің бюджеті қомақты кірістен қағылады.
Қанат Байеділов, ҚР қаржы вице-министрі:
- Біздің елімізде 1 миллион 300 мың пәтер тіркеуде тұр екен. Бұл 1 жарым миллион адамның үлесіне тиеді. Олардан түсетін ақша, орташа есеппен алса, әр пәтерден түсетін жер салығы жылына 60 теңгені құрайды, біздің орта есеппен санағанда. Мысалы, азамат жер салығын уақытында төлемеген кезде біз пошта арқылы хабарландыру жібереміз. Бір хабарламаның бағасы 510 теңге.
Карантин кесірі тиген шағын және орта бизнес үшін де жақсы жаңалық бар. Олар құн және әлеуметтік салықтардан 2 жылға босатылмақ. Оның үстіне, кәсіпкер ретінде төлейтін 10-20 пайыз салық кіріс мөлшерінің 3 пайызына тең болатын бөлшек салыққа алмастырылады.
Жыл соңында автокөлік иелеріне де арқаны кеңге салса болады. Барлық темір тұлпар тізгіншісі желтоқсанда төлеуі тиіс салық 2021 жылдың сәуіріне дейін шегерілді. Осылайша салықтың салмағын барынша жеңілдетуге тырысып баққан Үкіметтің амалы әлеуметтің ахуалына қаншалықты әсер етеді, уақыт көрсетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!