Қарабақтан қашқан армяндар үйлерін өртеп жатыр
Таулы Қарабақтан қашқан армяндар жай кетпей, үйлерін өртеп кетіп жатыр! Әзірбайжанға өткен аймақтан алғашқылардың бірі болып көше бастаған жұрт есігінің топсасына дейін шешіп, ал көтеріп алып кете алмағанын тас-талқан етіп қиратып тастапты.
Автор: Аруна Ортай
13.11.2020
Бұл 15-ші қарашаға дейін Таулы Қарабақты тастап кетуі тиіс Келбаджар тұрғындары. Таң атпастан жүк көліктеріне дүние-мүлкін тиеп, бірінен соң бірі көшуді бастаған. Бірақ жай кетіп жатқан жоқ. Терезе, есігіне дейін көтеріп әкетуде. Кейбірі, тіпті, дәретханасына дейін бұзып алған. Ал енді біреуі «басқаға бұйырмасын» деп өз үйіне өрт қойған. Тұрғындар осылайша дүкендер мен басқа нысандардың да көзін жоюда. Естеріңізге сала кетейік, 10-шы қарашаға қараған түні Армения мен Әзірбайжан Таулы Қарабақта атыс-шабысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Оған сәйкес, Ереван Таулы Қарабақтың бір бөлігі мен кезінде өздерінің бақылауында болған Әзірбайжанның 7 ауданын біржолата қайтарып беруге келісті. Ал сол келісімге қол қойған премьер-министр Никол Пашинянның биліктен кетуін талап еткен ереуіл Арменияда 3 күннен бері жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!