{metadescription}
Ауылдағы ағайын құс тұмауы қайталана ма деп қорқады
Ауылдағы ағайын құс тұмауы қайталана ма деп қорқады

Ауылдағы ағайын құс тұмауы қайталана ма деп қорқады

Күні қанаттыларға қараған жұрт үрейлі! Алматы облысында құс тұмауы шыққан кәсіпорынға жақын жердегі ауыл тұрғындары тауықтарымыз қырылып қала ма қорқып отыр. Өйткені, вирус шыққаннан кейін мамандар үй құстарын егуді қолға алғанымен, жұмысты шала-шарпы істеп кетіпті. Десе де, індет ошағына айналған фабрикадағы құстар түгел жойылып біткен. 600 мыңнан аса өлексе арнайы полигонда өртелді. Ауылдағы алаңдаған жұрттың жайын Нұргүл Нұрланқызы айтсын.

Алматы облысындағы ең ірі құс фабрикасында қырылып қалған қанаттылар мына полигонға әкелінген. Сөйтіп, өлекселер түгелдей өртеліпті. Артынша мамандар күлге айналған қанаттыларды көміп тастаған. Сондықтан, вирустың жан-жаққа жайылуына жол жоқ деп сендіріп отыр.

Марат Жақсыбаев, АШМ Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитеті Қарасай аудандық инспекциясының басшысы:

- Қазан айының оныншы жұлдызында соңғы тауықтардың өліктері шықты. Сол тауықты шыққандағы санағы бойынша 602 мың 558 бас шықты. Оның бәрі жойылды, көмілді, залалсыздандырылды.

Яғни, індет ошағына айналған кәсіпорында бірде-бір құс қалмаған. Десе де, осы фабрикаға жақын жердегі ауыл тұрғындарының қорқынышы әлі басылмай отыр. Мұндағы халықтың көбі тауық пен қаз асырайды. Ел аумағында құс тұмауы тарай бастағанда арнайы мамандар үйлерді аралап, қанаттыларға екпе салғандай болған. Алайда, қорадағы құстың бәрі бірдей ұстатпаған екен. 

Марина Цветова, Мерей ауылының тұрғыны:

- Қорқамын, әрине. Тауық пен қаздарымды аман алып қалғым келеді. Өйткені, осылардың арқасында күн көріп отырмыз. Екпе салуға келген мамандар барлық үйге кірген жоқ. Ал, бізге келгенімен, тауықтар ұстатпай, барлығына бірдей екпе сала алмай кетті.

Ветеринарлар болса, құсы бар үйлерді аралап шыққандарын айтады. Әрі алаңдауға негіз жоқ дейді. Ал, қауіпті індет мұндағы фабрикаға жабайы құстар арқылы келді деген болжам бар.

Марат Жақсыбаев, АШМ Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитеті Қарасай аудандық инспекциясының басшысы:

- Бірден-бір себебі осы жабайы құстар деп отырмыз. Басқа ештеңе таппадық. Мүмкін азықпен барған шығар. Сол азықты да тексердік. Азықтан да табылмады.

Қазір кәсіпорында арнайы отряд дезинфекция жүргізіп жатыр. Осыған дейін 12 мың шаршы метр жер залалсыздандырылған. Ал, фабриканың жалпы аумағы 48 мың шаршы метрді құрайды. Еске салсақ, мұнда құс тұмауының тарағаны бірнеше апта бұрын белгілі болды. Айналасы бір аптаның ішінде кәсіпорындағы 122 мың құс қырылып қалған болатын. Зерттей келе мұнда құс тұмауы тарағаны анықталды. Кәсіпорын вирусқа қарсы вакцинаға тапсырыс бергенімен, ол сол күйі мұнда жеткізілмеген болып шықты. Соның кесірінен, Қазақстандағы ең ірі құс фабрикасы қып-қызыл шығынға батып отыр.

Залалсыздандыру жұмыстары аяқталған соң, мына ғимараттардан бірнеше сынама алынады. Оның қорытындысы қауіптің жойылғанын көрсетсе, кәсіпорын карантиннен шығарылады. Алайда, бұдан кейін де құс фабрикасының иелері 3 ай бойы профилактикалық шаралар жүргізуге міндеттеледі. Тек содан кейін ашалып, жұмысқа қайта кірісе алады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде