{metadescription}
Шымкенттегі Азат ықшамауданының тұрғындары тозақта тұрып жатырмыз деп шағымданды
Шымкенттегі Азат ықшамауданының тұрғындары тозақта тұрып жатырмыз деп шағымданды

Шымкенттегі Азат ықшамауданының тұрғындары тозақта тұрып жатырмыз деп шағымданды

Шымкентте тұтас бір ықшамаудан балшыққа батып отыр! Азат ықшамауданында су құбырын жүргізген компания көшелердің ойқы-шойқысын шығарып тастап кеткен. Соның салдарынан, ішкі жолдарда көліктер батып, тіпті жедел-жәрдемге дейін балшықта тұралауда. Сәл жауын жауса батпаққа айналатын көшелердің атауы да жоқ екен. Сондықтан, полиция мен жедел жәрдем деген оқыс оқиға болса тіпті таппайды. Жұрт тозақ деп атап кеткен Азат ықшамауданындағы жұрттың жанайқайын Бек Әбиев жеткізеді.

Алғашқы үйлері осыдан оншақты жыл бұрын салынған Азат ықшамауданында қазір мыңдаған баспана бар. Мегаполис деген аты болмаса ел қатарлы газ, жарық пен су енді жүргізілген. Оның өзі ел қайта-қайта арыздана берген соң кірген еді. Бірақ құбыр жүргізгендер көшені талқандап тастапты. Енді жәй көлік түгілі науқасқа келе жатқан жедел-жәрдем балшыққа батып шыға алмайды.

Сәуле Кенжебай, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Жаңбырлатып балам мектепке барды. Түсте мектептен келе жатыр аяқ киімінің біреуі ұстап келді үйге. Аяқ киімі ашылып кеткен. Табанын жұлып алған мына лай. Жүруге мүмкін емес түгілі мынау ше, тозақ, мынау тозақ!

Тұрғындар өздері «тозақ» деген Азат үшін бұл қалыпты көрініс. Мәселен, жаңбыр кезінде көлігіңді көшеге бір түнге қалдырсаң, таңертең балшықтан аршып алуға тура келеді. Атқамінерлерден еш қайыр болмағасын тұрғындар әр үйден  10-15 мыңнан ақша жинап көшелерге тас төсеген екен. Бірақ құбыр жүргізгенде оның да астаң-кестеңін шығарған. Яғни жұрттың жиған ақшасы лайға араласып кетті. Мұндағы тағы бір бас ауру – көшелер мен үйлердің не атауы, не нөмірі жоқ. Соның салдарынан жедел жәрдем балшықтан өтсе де шақырған науқасты таппай тентіреп жүреді.

Гүлшат Оралқызы, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Мысалы Ақ дала көшесіне 3 жедел-жәрдем келетін болса 3 адам 3 басына шығып тұрады көшенің. Тек қана бір-ақ мекен-жай бар бізде Ақ дала. Бұл көшеде әрқайсында аты жоқ, үйдің нөмірі жоқ ешқайсының. Көше берілмеген бізге. Ақдала көшесіне шығамыз, ол шығып болам дегенше үйдегі ауру адам не болады?

Ал шенеуніктер басты мәселеміз көшелерге атау беру емес, инфрақұрылымды жүргізу еді, оны аяқтап жатырмыз дейді. Су, газ жүргізетін компаниялармен келіскенде құбыр тасталған соң тас төсеуі керек болған. Соның өзін ұмытқан компанияларға міндеттеп төсетіп жатырмыз деген шенеуніктер бірер күннен қалмай жолды да жөндетіп беретініне сендірді.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары:

- Грейдер кіретін көшелерге жаңағы көшенің лай бетін толығымен грейдермен сырып алып тастадық. Енді шағал төсеу жұмыстары толық атқарылып жатыр. Және үстінен тегістеледі көшелердің барлығы. Стандартқа сай қалпына келдтіріледі. 1-2 күн ішінде бітеді.

Сонымен қазір балшықтан көз ашпайтын әрқайсысы екі шақырымға созылған оннан астам көшеге тас төселетін болды. Шенеуніктер кей көшеге бюджеттің емес, кәсіпкерлердің есебінен шағал тас төсеп жатырмыз дейді. Яғни атауы Азат болса да өздері «тозақ» деген шағынауданға бірер күнде көлікпен қорықпай кіретін де күн тумақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде