144 млрд теңге жымқырған Жомарт Ертаев 11 жылға сотталды
Жомарт Ертаев 11 жылға абақтыға жабылды! Экс-банкир мен оның 37 сыбайласына қатысты атышулы іске бүгін соңғы нүкте қойылды.
Автор: Аруна Ортай
16.11.2020
«РБК»-банкінің 144 миллиард теңгесін талан-таражға салған басты айыпталушы Ертаевты сот түрмеге жауып қана қоймай, қымбат көліктері мен коттедждері түгелдей тәркіленсін деген шешім шығарды.
Роман Селицкий, судья:
- Ертаев Жомарт Жәдігерұлы тағылған барлық айыптар бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін. Дүние-мүлкі тәркіленсін. Үкім бүгіннен бастап күшіне еніп, өзгеріссіз қалдырылсын.
Экс-банкир апелляцияға жүгіну құқынан да айырылды. Темір торға тоғытылған Ертаев енді онда жатып, есеп-қисапқа қатысы жоқ басқа мамандықты игере берсе болады. Өйткені, оған бостандыққа шыққан күннен бастап тағы 10 жылға қаржы саласында жұмыс істеуге тыйым салынған. Ал Ертаевпен бірлесіп ақша жеді делінген Игорь Мажинов пен Бақыт Ибрагим 8 жылдан арқалады. Олардың да миллиондар тұратын дүние-мүліктері тәркіленіп, 10 жыл банк ғимаратын айналып жүретін болды. Ертаевпен ауыз жаласқан қалған сыбайластары 6-7 жылдан бас бостандығынан айырылды. Айта кету керек, тағайындалған жазадан күдіктілердің тергеу абақтысында қамауда жатқан күндері шегеріледі. Прокурорлардың өздері Ертаев пен оның басты сыбайластары үшін бұл өте жеңіл жаза деп отыр. Дегенмен, күдіктілер кінәсін мойындап, тергеуге көмектескені ескеріліпті. Ал Ертаевтың жазасын кәмелетке толмаған балаларының бары жеңілдеткен. Естеңізге салайық, аты-шулы сот процесі өткен жылдың соңында басталған. «РБК»-банкінің 144 миллиард теңгесін талан-таражға салды деген күдікпен Жомарт Ертаевпен бірге 37 адам ұсталған болатын. Атышулы қылмыстық іс 46 эпизодтан тұрып, 700 томға арқау болды. Айыптау актісінің өзі 3600 бет. Онда Ертаевтың ойластыруымен жасалған ірі алаяқтық іс баяндалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!