Алматы іргесіндегі ауыл халқы тіршілік тауқыметін тартып отыр
Құбыр бар, су жоқ! Алматы іргесіндегі Байтөбе ауылының тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып жүр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
17.11.2020
Өйткені, су жүргізетін компания халықтан ақшаны жинап алып, бастаған істерін тастап кеткен. Амалы таусылған жұрт енді ауыз суды сатып ішіп, үнемділік үшін кір-қоңдарын құдық суына жууға мәжбүр. Әбден титықтатқан жол азабы тағы бар. Бұқараның базынасын тілшіміз Сымбат Ғалымбекұлы тыңдап қайтты.
Қара суды үнемдеу Айсұлу Қантаева үшін үйреншікті жайт. Көпбалалы ана бала-шағаның кір-қоңын қыста қардың, күзде жаңбырдың суына жууға мәжбүр. Өйткені, тіршілік нәрін молынан сатып алуға жас отбасының қалтасы көтермейді.
Айсұлу Қантаева, Байтөбе ауылының тұрғыны:
- Айына 15-20 мың теңге кетеді. Өте қиын. Күйеуім ғана табыс табады. Үйді салған несиеміз бар. Осы төрт баланың ақшасының жартысына су алып отырамыз. Ішкенге ғана қолдануға тырысамыз. Қардың суын жылытып, кір, ыдыс жуғанға қолданамыз.
Байтөбе халқына ауыз су алтыннан да қымбат. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар аптасына бір рет келетін су тасығыш көлікке осылай кезекке тұрады. Жасы да, жасамысы да жанталасып, бар ыдыстарын толтырып алуға тырысады.
Көпшілік асыға күтетін бұл көлік келмей қалса жұрттың көрген күні қараң. Айта кетейік, ауылға су құбырын тарту үшін бұқара бір жыл бұрын «Бек-Су» компаниясына 5 миллион теңгеге жуық ақшаны санап беріпті. Алайда жауапты мекеме бастаған жұмысын аяқтауға құлықсыз дейді жиналғандар.
Ахат Ережепов, Байтөбе ауылының тұрғыны:
- Бір аптада қосып беремін деп әлі созып жүр. Алдында хабарласқанбыз. Сол кезде де бір апта деген. Содан кейін телефонын алмайды. Көрші ауылдан да барып аламыз. Су таситын көлік кей кезде бұзылып қалады. Техниканың аты техника ғой.
Көгілдір отын тарту да халықтың бас ауруына айналған. Себебі, газды үйге кіргізу құны аяқасты қымбаттап кетіпті.
Үлкен Алматы айналма жолы ауылдың дәл іргесінен салынып жатыр. Тұрғындар Еуропа мен Азия арасын жалғайтын осы автокөлік дәлізі пайдалануға берілсе қалаға шыға алмай, қамауда қаламыз ба деп қорқады. Тіпті, болашақта елді-мекенге не жедел жәрдем қызметі, не құтқарушылар кіріп-шыға алмауы да мүмкін.
Берік Балтабаев, Байтөбе ауылының тұрғыны:
- Жоба жасалған кезде үйлер тұрды ғой. Ауыл Алматыға барады ғой деген жол болу керек қой. Сұрайтынымыз айналма жолдан өтетін жол керек. Бала-шағамызды мектепке апарып, жедел жәрдем келетіндей.
Іргелі ауылдық округінің әкімі айналма жолдың айналасындағы кезінде сатылған жерлер ешқандай елді-мекеннің шекарасына кірмейтінін жеткізді. Тиісінше, ондай ауылға қазынадан қаржы қарастырылмайды дейді шенеунік.
Абылай Ысқақов, Іргелі ауылдық округінің әкімі:
- Қазір біз ол жерге ауыз су, жол сала алмаймыз. Себебі, ол елді-мекеннен тыс жерлер. Ауылдың іші болса аудандық бюджеттен қаржы сұрауға болатын еді. Бас жоспар бекітілу керек. Содан кейін айналма жолдың бойында мектеп, саябақ та болады. Жоспар бойынша 30 мыңға жуық халық тұру керек.
Жұрттың жанайқайын кабинетінде отырып тыңдаған атқамінер көмек қолын созуға дайын екенін айтады. Ол үшін тұрғындар су тартып беруі тиіс мекеменің үстінен арыз жазу керек. Ал әзірге тұрғындарға ауыз суды сатып ішіп, үнемдеп пайдаланудан басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!