{metadescription}
Тұрғындар қоқыс полигонында өмір сүруде  
Тұрғындар қоқыс полигонында өмір сүруде  

Тұрғындар қоқыс полигонында өмір сүруде  

Шымкенттің орталығындағы тұтас бір ауыл жұрты қоқыс ішінде өмір сүріп жатыр. Орманшы деп аталатын тұрғын алабындағы төрт жарым гектардай жерге 25 жыл бойы қоқыс төгілген. Салдарынан, ауыл халқы  қышыма, қотыр сияқты тері ауруларымен жиі ауырады. Тұрғындар қайта-қайта қала әкіміне барған соң осыдан 4 жыл бұрын қоқыс полигоны жабылған. Ал, биыл жыл басында қоқыс тастайтын жерге саябақ салынуы керек болған екен. Оған қала қазынасынан 200 миллион теңге бөлінгенімен, саябақ сол күйі салынбапты.

Керісінше полигон үлкейіп барады. Қоқыс ортасында тұншыққан тұрғындармен Бек Әбиев тілдесті.

Шымкенттегі «Орманшы» тұрғын үй алабының аты мүлдем затына сай емес. Өйткені, ауылдың тура ортасында төрт жарым гектарды алып жатқан қоқыс полигоны бар. Жағалай тұрған үйлердің кез-келгенінен тек қана осы тұрмыстық қалдықтар төгетін терең ойпат қана көрінеді.

Әу баста бұл жерде ағашы қалың орман болған екен. Бірақ, 82 жылдан 96 жылға дейін кірпіш зауытына деп бұл жерден топырақ алына бастайды. Соңғы 25 жылда бүкіл Шымкенттің қоқысы төгіліп, Орманшы тұрғын алабының 500-ге жуық отбасы осы қоқысхананың ортасында отыруға мәжбүр.

Жел тұрса шаңмен бірге қоқыс айнала тұрған үйлерді жауып қалады. Қаңғыбас ит пен мысықтың ордасы екені айтпаса да түсінікті. Ал, күн жылынса тышқан, жылан мен тарақаннан аяқ басып жүре алмайсың. Қоқыс өртенгенде жұрттың тынысы тарылады. Таза ауа болмаған соң тұрғындар тым аурушаң. Екінің бірі өкпе және тері ауруымен ауырады.

Ұлболсын Ермаханова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Бұл жерде балаларсары ауру да болды. Туберкулез, пневмония да болды. Көбінесе іш ауру, қызуы көтеріліп,жедел-жәрдем 2-3 мәрте келеді. Тері ауруы, экзема көп балаларда. Қоқыстан аллергия көп.Егер халық осыған көнбесе мына жолды жабамыз деп отыр, 10 күн 5 күн болама бала-шағамен жолды жабамыз.

Шарасыз жұрт жергілікті билікке талай жылдан бері шағымданып жүріп, бұрынғы қала әкімі қоқыс полигонын жабуды шешкен. Тиісті басқармаларға тапсырма беріліп, бұл жерді көгалдандыратын болыпты. Тіпті биыл 200 миллион теңге бөлінгенін де айтыпты. Бірақ, полигон жабылмақ түгілі кеңейіп барады.

Әнипа Төртбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Бір жағымыз пойыздың жолы, бір жағымыз терең шұңқыр сасыған жер, қайда барып тұрамыз. Ол Ғабидолла баламыз түсіністікпен қарап, біздің өтінішімізді қарсы алып саябақ болады деді. Сонымен саябақ  болатынымызға 5 жыл болды. Ақша бөлінді, арнайы есептеліп, сызбаның бәрі сызылды.

Тұншыққан тұрғындардың шақыртуымен дереу жеткен шенеуніктер  шынымен де бұл жер саябақ болады дейді. Алайда қоқыстың үстіне салынатын демалыс орнының құны 300 миллион , біресе 350 миллион теңге деп әбден шатасты. Бір аптадан қалмай жұмыстарды бастаймыз деген жауаптылар жобаның сағызша созылғанын қағазбастылықпен түсіндірді.

Ерубай Құралбаев, Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы:

- Ішіндегі тегістеу жұмыстары жүреді. 21 кубтан аса бұл жерге кәдімгі топырақ төселінеді. Одан кейін жасыл желек, жол, фонтан, орындықтар қойылады. Одан кейін спорт және ойын алаңы.

- Қанша айдың ішінде бұл?

- 5 ай ішінде.

Шымкенттік шенеуніктерге сенсек 5 жылдан бері уәде етіп келе жатқан қоқысты 5-ақ айда гүлдендіріп жібермек. Бірақ, құрғақ сөзге мүлдем сенуден қалған орманшы жұрты атқамінерлер осы жолы уәделерінде тұрмаса наразылық шарасына шығамыз деп бел буып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.