Келер жылдан бастап қағаз анықтама қажет болмайды
Келесі жылдан бастап барлық қағаз анықтамалардың қажеттілігі толығымен жойылады. Ал мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары тек көлік жүргізуші куәлігін тапсырумен айналысады.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
17.11.2020
Қалған шаруа электронды жолмен, яғни онлайн тындырылмақ. Бірақ 200-ден астам мемлекеттік қызметті алу үшін әлі күнге әкімдіктер мен басқармалардың табалдырығын тоздырып жүргендер жетерлік. Сөйте тұра, үкімет жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын элетронды қалыпқа көшіріп үлгереміз деп отыр.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Келесі мәселе e-gov-та 600-ге жуық қызметтер бар. Сервистер санының көптігіне байланысты, әр қызметті адамдардың ойларынан шығатындай қылып, ыңғайлы жасау өте қиын мәселе. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, онлайн қызметтерді басқа да танымал интернет платформаларға шығару қажет деп шештік.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жылына 3 миллионнан астам адам жүгінеді. Бұлардың барлығы е-gov-тың мүмкіндіктерін мүлдем меңгермегендер. Енді үкімет қарабайыр түсінікпен қызмет көрсету орталықтарына сабылатындардың санын азайтамыз деп отыр. Мәселен, енді автокөлікті сатып алған азамат сатушының есепшотына ақша аударғанда, жылжымалы мүлік автоматты түрде сатып алушының атына тіркеле қалады. Талайдан жыр болған цифрлық қолтаңба алудың жолы да жеңілдей түседі. Енді е-gov порталында тіркелу үшін биометрия мүмкіндіктері қолданылмақ. Ол үшін смартфондағы камера арқылы цифрлық қолтаңба рәсімделмек. Бұл амал қазір тестілеуден өтіп жатыр. Ай соңында іске қосамыз деді Цифрлық даму министрі. Ал мекенжай ауыстырған азаматтар тіркеуге тұру үшін әскери бөлімдерге бармайды. Барлығы электронды портал арқылы онлайн шешіледі. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтің 85 пайыздан астамы электронды түрде ұсынылады екен. Соның сапасы бойынша Ақмола, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары үздік бестікте. Ал Алматы облысы мен Шымкентте мемлекеттік қызметтің электронды үлгісі сапа жағынан ақсап тұр.
Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі:
- Барлық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейін, кем дегенде, 80 пайызға жеткізуі тиіс. Халыққа біздің жұмысымыздың нәтижесі қажет. Жалпы 2021 жылы қағаз анықтамаларының қажеттілігін толығымен жоюымыз қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!