{metadescription}
Бір мұғалім бүтін бір сыныпқа ауру жұқтырды
Бір мұғалім бүтін бір сыныпқа ауру жұқтырды

Бір мұғалім бүтін бір сыныпқа ауру жұқтырды

Елімізде қауіпті індеттің ілмегіне ілінген мұғалімдер де көбейіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қыркүйектен бері 241 мұғалімнің диагнозы расталыпты. Мектеп қызметкерлерінің Covid-19-ды жұмыста ма әлде үйде ме, қайда жұқтырғаны белгісіз. Оқушылар да мұғалімдерінен қалып жатқан жоқ. Нұр-Сұлтанда бір мектеп толығымен карантинге жабылды. Бүгін білім саласының өкілдері кезекші сыныптарға баратын оқушылардың не себепті вирус жұқтыратынының құпиясын ашып берді.

«Коронавирус жұқтырмайық» деп бұқара жанын шүберекке түйіп жүргенімен, күннен-күнге ауырғандар саны артып жатыр. Сәйкесінше, еліміздегі аймақтар түстерін өзгертті. Мәселен, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл аймақта», Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Қостанай және Павлодар облыстары «сары аймақта», ал қалған өңірлер «жасыл аймаққа» енді.

Дегенмен, бұл түстерде сенім жоқ. Бір күн «қызыл аймақта» болған өңірлер ертесіне басқаша күй кешеді. Жағдай соған қарай өзгере бермек. Ал Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген мониторинг арқасында 9 өңірде кезекші сыныптар ашылды. Бір қызығы, мектепке барып оқып жүргендердің вирус жұқтыруы төмен екен.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:

- Оқудың жаңа форматына көшу себебі кезекші сыныптардағы оқушылардың арасында аурушаңдықтың төмендігі болып отыр. Ата-аналардың көбісі қазір жұмыс істейді және жүргізілген мониторингтің нәтижесі бойынша мектептер оффлайн режимде жұмыс істеуге дайын екендігі анықталды.

Оқу жылы басталғалы бері Қазақстанда мыңнан аса оқушы коронавирус жұқтырған. Оның 302-і  кезекші сыныптарда, қалған 740-ы қашықтан білім алу кезінде індетке шалдығыпты. Қазір КВИ анықталған 456 бала ем алып жатыр. Ал екінші тоқсан басталған күні 55 оқушы індеттің ілмегіне ілінген.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:

- Бірінші тоқсанда Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір мектептер карантинге жабылса, кеше Нұр-Сұлтанда бір мектептің жұмысына шектеу қойылды. Екінші тоқсан енді ғана басталғанын білесіз. Кешегі күннің ішінде 55 баланың вирус жұқтырғаны анықталды. Олардың 14-і офлайн білім алған, ал 41 оқушы қашықтан оқыған.

Жалпы, қыркүйектен бері 241 ұстаздың коронавирус диагнозы расталған. Бүтін бір кезекші сыныптың мұғалімнің кесірінен ауырған жағдайы да орын алыпты. Қарағандылық ұстаз Ресейден вирус жұқтырып келген танысымен байланысып, бүкіл сыныпқа ауру әкелген. Осындай жағдайлар мен қауіпсіздік мәселесі оқушыларды толыққанды дәстүрлі оқу форматына көшіруге кедергі дейді шенеуніктер. 

Рүстем Биғари, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Білім министрлігі профильді министрлік ретінде оқушылардың мектеп қабырғасында білім алғанын қалайды. Дәстүрлі форматта оқуға рұқсатты бұрыннан сұрап жүрміз, айтып келеміз. Алайда, оқушылардың қауіпсіздігі  басты назарда. Тек қана санитарлық дәрігерлер рұқсатын күтеміз.

Оқушыларды аурудан қорғау үшін жаңа жылдық кештер де өткізілмейтін болды. Аяз ата мен ақшақарды кезекші сыныптардағы балалардың өзі онлайн отырып, қызықтайды. Қай аймақта қандай жағдай болатыны интернет мерекені тойлауда еш әсер етпейін деп тұр.

Кешегі президентпен өткен жиында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал соңғы екі айда оптимистік болжам бойынша жақсы екенін айтқан еді. Егер осылай жалғастыра берсек, Қазақстанда қатаң карантин енгізілмеуі мүмкін. Ал жағдай нашарласа, үлкен өзгеріспен екінші тоқсанды бастаған мектептердің қашықтан оқуын санитар дәрігерлер қайта қарайды. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде