Ақтөбеде өлген адамды жерлеу қымбаттады. Қорымдағы жердің құны қанша?
Ақтөбеде қорымдар қараусыз жатыр. Тазалығын реттеп, күзетін күшейтуі тиіс жеке компания бас пайдасын ойлап кетті деп ашынады тұрғындар. Сенімгерлік басқаруға өткелі бері көр қазып, бейіт салу құны шарықтап кеткен. Қазір бір адамды жерлеу үшін 80 мыңнан 120 мың теңгеге дейін ақы сұрайды. Енді қорымға қатысты уәдесінен айнып, бизнесін күйіттеп кеткен компанияның қызметін әкімдіктегілер тексереміз деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.11.2020
Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбе қаласы бойынша елуге жуық қорым жекенің қолына өткен еді. Сенімгерлік басқаруға алған компания зираттарды қоршап, тазалығын сақтауға міндетті болатын. Бірақ тұрғындар олардың қызметіне көңілдері толмай отыр.
Қоршауы сынып, құлыптасы бүлінген қорымдар көбейген. Қарауылы болмаған соң қаңғыбастар мекеніне айналыпты. Бұрын комуналшылар тазалап, қазынадан ақша да бөлініп келген еді. Кейін бюджет қаржысын үнемдеу үшін зираттар жеке компанияларға өткен. Бірақ кәсіпкер бас пайдасын күйттеп кетті деп ашынады тұрғындар.
Жолдыбай Ізбағанбет, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бәрін талқан қылған. Мен адамдарды қойдырып, толтыртқаным бұл. Ал ол жеке алса біріншіден мына адамдарға қамқорлық жасайын, халыққа жақсылық жасайын деп тұрғаны жоқ. Тек қана ақшаға қызығып тұр. Бизнес қылмау керек моланы. Ол қасиетті жер емес пе? Бұл жерге бәрімізде барамыз емес пе ертең?
Қорымдар жекенің қолына өткелі жерлеу қызметінің құны өсіпті. Көр қазудың өзі мұсылмандар зиратында 120 мың теңгеден басталады. Ал христиандар үшін ең арзаны сексен мың. Ол бағаны бақылап жатқан билік жоқ.
Абай Сақтағанов, Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:
- Жұрттың тап осылай әлсіз тұстарда пайда көрулері біздің наразылықты туғызады. Біз өзіміз көріп отырғасын жағдайға жібергіміз келмей, көтеріп жүрген жағдайымыз бар. Еш жерде баға реттелмеге. Жерді біреу 120 алып отыр, біреу сексенге алып отыр. Сондай жағдай болғасын.
Қорымдарды сенімгерлік бақылауға алған «Біріңғай жерлеу қызметі» компаниясының жұмысын енді тексереміз деп отыр шенеуніктер.
Мирас Әжібаев, Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Кейбір бұзып кеткендер болады соларды қарау керек. Қазіргі пайдаланып жатқан зираттар тиісті түрде қаралып жатыр ма, күтіп ұсталып жатыр ма соны тексеру керек болады. Егерде келісім-шартта қойылған талаптар орындалмай үстерінен шағым түсіп жатқанда ол комиссиялық түрде қаралады және ол кісілермен келісім шартты бұзу жөнінде жаңағы сұрақтар қарастырылатын болады.
Әкімдіктегілер комиссияның тексеруге нақты қай күні шығатынын айтпай отыр. Дегенмен, қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы елу қорымды түгел қарап шығуға дрон қондырғысын сұрапты. Бейіттердің үстінен ұшырып, молаларды жеке-жеке бақылауға көмек болады дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!