280 тонна шөп жанып кетті
Ақмола облысының Жақсы ауданында мая-мая шөп жанып кетті. Түнде тұтанған өрт 280 тоннадан аса қыстық мал азығын жалмап кетті. Шөпке қасақана өрт қойылуы мүмкін деген болжам бар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
18.11.2020
Пішен иелері қарда қалған екі адамның ізіне қарап, қаскөйлер жол жақтан келген деп отыр. Ишимское ауылы маңында үйілген шөп лаулап жана бастағанда тұрғындар байқап қалып, тұра жүгіріпті. Өрт сөндіру көлігі келгенше кеуіп тұрған шөп лезде күлге айналған. Оның үстіне жан-жағынан жағармай құйылса керек. Трактормен маяланған шөпті орта тұстан жарып, мал азығының бір бөлігін аман алып қалуға тырысқанның өзінде 810 мая жанып кетті. Шығын 5 миллион теңгеден асады. Қазір полиция «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабы бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Өмірсерік Ақышев, «Имран-агро» ЖШС директоры:
- Бұл шөпті біз жұмысшыларымызға арзан бағамен сату үшін жаз бойы жинадық. Және де осы ауылдың тұрғындарына, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға тегін таратуға тиіс болатынбыз. Өйткені біз егін сепкенімізбен, малымыз жоқ. Қаншама шығынға баттық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!