Бес адамның өмірін жалмаған жарылысқа қатысты сот басталды
Ақтөбеде хром қоспасы зауытындағы бес жұмысшының өліміне қатысты сот басталды. Осыдан тура жарты жыл бұрын олар жөндеу кезінде жарылыстан қаза тапқан еді. Енді қарамағындағылардың жұмысын жөнді бақыламағаны және еңбек қауіпсіздігін сақтамағаны үшін цех бастығы мен екі шебер сотта жауап беріп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.11.2020
Гүлайна Нұржанова, Ақтөбе қалалық №2 сотының баспасөз хатшысы:
- Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу, яғни ҚР қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігімен сотқа берілген азаматтар Бисембин, Балтағожин және Мұхановқа қатысты қылмыстық іс қаралуда. Аталған іс бойынша сот талқылауы жалғасуда.
Айпталушылар қазір қаладан шықпау туралы қолхатпен жүр. Олар алғашқы сот отырысында тағылған айыпты мойындаған жоқ. Жарты жыл бұрын бұлар жұмыс істейтін төртінші цехтың бөшкесіндегі химиялық қоспаны Владимир Коваль тазартып жатқанда технологиялық ерітінді буына күйіп қалады. Оны құтқармақ болған жанындағы бес әріптесі артынша бөшкеге түседі. Сол кезде олар да жарылыстан күйген. Төрт адам сол жерде мерт болса, Азамат Нағышев бір аптадан соң ауруханада жан тапсырды. Марқұм болған үш жұмысшының туыстары сотталушыларға кешірім берсе, Владимир Коваль мен Евгений Корневтің аналары өтемақы беруді сұрады. Зауыт өкілдері қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына ақшалай көмек көрсеттік деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!