«АзияКредит Банктің» салымшылары өз ақшаларын ала-алмай сандалып жүр
Миллиондарын қайтара алмай әлек! Жиған-тергенін «АзияКредит Банктің» депозитіне құйған жұрт ақшасын даулап, әлі сабылып жүр. Айтуларынша, қаржы ұйымы былтырдан бері Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағандыдағы салымшыларын құрғақ уәдеге тойдырып келіпті. Ал банк басшылығы өздеріне шаң жуытқан жоқ. Жыл басында қайта құруға байланысты қиындықтар туындағанын мойындағанымен, клиенттер алдындағы міндетімізді орындап келеміз дейді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
18.11.2020
Алматылық Елмұрат мен Лилия жиған-тергенін «АзияКредит Банктің» депозитіне салғандардың бірі. Ерлі-зайыпты қаржы ұйымының пайыздық мөлшерлемесіне қызығыпты. Алайда, келісім-шартта белгіленген уақыт өткенде, өз ақшаларын қайтара алмай, тығырыққа тірелген. Әшейінде несиесін төлемеген жұрт банктен қосымша уақыт сұрайтын болса, бұл жолы керісінше білдей бір қаржы ұйымы халыққа осындай өтініш жасапты.
Лилия Нүсіпбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Банктің басшылығына талай хат жадық. Олар бізге сылдыр сөзбен жауап береді. Уақыт беруімізді сұраған. Бірақ, нақты мерзімді көрсетпейді. Ақшамызды қашан және қандай көлемде қайтаратынын айтпайды.
Өз қаржысын қайтара алмай, әбігерге түскен «АзияКредит банктің» салымшылары Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларында да бар. Көбі пәтердің бастапқы жарнасына деп жинаған ақшасын сеніп тапсырған.
Берік Сәрсенбаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- 10 миллион теңгемді депозитке салдым. Бұл ақшаға үй алғым келген. Қазір миллиондардың орнына тек 50-100 мың теңгеден шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Ольга Маурер, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Банк ақшаны қайтарудан бас тартуда. Соған қарамастан, өзін банкрот деп жарияламай отыр. Мен ақшамды ақпаннан бері ала алмай жүрмін. Біз қаржы нарығын реттеу агенттігі, Ұлттық банк және прокуратураға жүгіндік. Бірақ, нәтиже жоқ.
Клиенттерін сабылтып қойған банктің өзі бұл айыптаумен келіспейді. Жазбаша жауап берген қаржы ұйымы жыл басында өзге банктермен бірігу процесі кезінде қиындықтар туындағанын мойындайды. Алайда, жұрттың қаржысын уақытылы беріп отырмыз дейді.
- Банктің қайта құру процесіне байланысты белгілі бір қиындықтарға тап болғанына және пандемияға қатысты енгізілген түзетулерге қарамастан, депозиттегі қаржыны қайтару, клиенттің шотындағы ақшаны шешу тоқтатылған жоқ. Қазіргі процедуралар мен тарифтерге сәйкес жүргізіліп келеді.
Ал, салымшыларға бүгін жаңа мерзім айтылған. Яғни, 30 қарашаға дейін қаражатты түгелдей қайтарамыз деп уәде етіпті. Алайда, аузы күйген жұрт «АзияКредит Банкке» енді сенбейді. Сондықтан, олар сотқа жүгінгелі жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!