Алматыда тоқсан отбасы дайын баспаналарына кіре алмай жүр
Кірмеген үйге төлейтін күй жоқ! Алматының 13-ші ықшамауданындағы жаңа пәтерлерді мемлекеттік бағдарламамен алғандар әлі табалдырығын аттай алмай отыр. Құрылыс жазда біткенмен, олардың құжатын тіркемей әуре-сарсаңға салған көрінеді. Ай сайын қоныстанбаған баспананың ипотекасынан бөлек, жүзге жуық отбасы пәтер жалдауға мәжбүр. Әкімдіктегілер тұрғындар базынасына қатысты өз пікірін айтты. Тараптар пікірін тыңдап қайтқан әріптесім Асқарбек Қазанғап баяндайды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
19.11.2020
Гүлдана Тоқсанбаева мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болатынын естігенде төбесі көкке бір елі жетпей қуанған. Енді шат көңілі су сепкендей басылды. Айтуынша, атқамінерлер күз басында құжатты реттеп, көшесіңдер деген. Бірақ, бос уәде болғанға ұқсайды.
Гүлдана Тоқсанбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бізді үйге кіргізбейді. Торуылдап жүргенімізге үш ай болды. Өз үйімізді өзіміз сыртынан торуылдап жүрміз. Үш айдан бері тұрғынүй департаменті бізді шақырмайды. Керекті құжаттарды екі ай болды өткізіп қойғанымызға. Әне-шақырымыз, міне шақырамыз.
Гүлдана секілді тоқсан отбасы қоныс тойын тойлай алмай отыр. Алпысы ипотекамен, отызы жалға алу бағдарламасымен пәтер иелері атанған. Жаңа қонысқа көшкенше, бәрі де басқа табалдырықты жағалап, жалдауға мәжбүр.
Сандуғаш Әбілда, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жалдамалы пәтерге жүз мыңнан аса ақша төлейміз, депозитке елу мыңнан ай сайын құйып отырмыз. Көп балалыға ол да өте ауыр. Оңай емес, қыстың көзі қырауда қашан әні шығамыз, міне шығамыз деп жалдамалы пәтерден. Әлі уәде беріп келе жатырмыз.
Тамыздың аяғында құрылысы біткенмен, бұл үйдің есігінде әлі құлып тұр. Газ құбыры тартылғанымен, әлі толық жалғанбаған. Тұрғындар, жылу берілмегендіктен, баспана іші азынап, қабырғалары шытынап кете ме деп қауіптенеді.
Әкімдіктегілер жағдайдан хабардар. Құрылысты бастаған мердігер уақытында өткізбегендіктен, келісім-шартты үзіп басқа компания басталған істі аяқтағасын, созылып кетті дейді.
Олжас Тәжібаев, Алматы қалалық Жайлы қалалық орта басқарма басшысының орынбасары:
- Қазан айында қабылдау актсімен қабылданды үйлер. Қазіргі таңда бүкіл құжаттарды заңдастырып, әділет департаменті, БТИ- да техпаспорт алу, сосын өткізу жұмыстары жүргізліп жатыр. Шамамен осы ағымдағы жылдың қараша айында бүкіл құжаттарды дайындап, тұрғын үй департаментіне тапсырамыз.
Құжат қараша соңына дейін реттелсе, желтоқсан ортасына дейін баспанаға бәрі толықтай көшеді дейді әкімдіктегілер. Тұрғындар бұл уәденің кезекті рет сөз жүзінде қалмауын қалайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!