{metadescription}
Ауыл іргесіндегі шошқа фермасы тұрғындардың тынысын тарылтуда
Ауыл іргесіндегі шошқа фермасы тұрғындардың тынысын тарылтуда

Ауыл іргесіндегі шошқа фермасы тұрғындардың тынысын тарылтуда

Ақтөбе облысында тұрғындар шошқа фермасының жабылуын талап етіп наразылыққа шықты. Бестамақ ауылының іргесіндегі талпақ танау өсіретін қожалықтың кесерінен сол маңдағы жұрт тұншығып отыр. Онымен қоса ферма қожайындары шошқа өлекселерін далалыққа көме салатын болған. Кәсіпкерлер бұл заңсыз әрекеттерін ашық мойындайды да. Ауылдықтар әбден ашынса керек, базынасын айтуға жүздеген адам жиналды. Тіпті, ферма жабылмаса, өзіміз күл-талқанын шығарамыз деп ашынып отыр.

Бестамақ ауылының тұрғындары таң атысымен тайлы-тұяғы қалмай шошқа фермасының алдына жиналды. Наразылыққа шыққан жұрттың жолын бөгемек болып, алдын ала тас бөгеттер қойылған екен. Оны жүздеген жігіт сүйреп алып тастады.

Тұрғындар шыдамның шегіне жеткенін айтады. Алғашқыда құжат бойынша құс өсіретін қожалық болып ашылғанымен, топырлатып торай баққан. Енді шошқаның иісінен сол маңдағы бірнеше ауылдың тұрғындары тұншығып отыр. Онымен қоса өзен-суымыз шошқа қалдығымен ластанды деп ашынады.

Гүлнар Айтжанова, Бестамақ ауылының тұрғыны:

- Мына шошқаның иісін құртыңдар деп жатырмыз. Суымыз лас. Ауамыз лас. Далаға терезені аша алмаймыз еш уақытта. Иіс тұрғанымен. Кір жая алмаймыз.

Мақсат Жолдыбаев, Бестамақ ауылының тұрғыны:

- Жабу керек мына шошқа базды. Суға құйып жатыр боқтығының бәрін. Міне, қырылды балықтың бәрі. Бұл барып ана жаққа құйып жатқан шығар. Оны малымыз да ішіп жатыр, адам да ішіп жатыр.

Жағымсыз иістен бөлек ауыл тұрғындарын шошқа өлекселерінің ашықтан-ашық шашылып жатқаны да ашындырады. Тіпті, бұлақ көзіне қожалықтан шыққан қалдықтарды құятын болған.

Фермадағылар ауыл іргесінен мынандай ор қазып, шошқа қалдықтары мен ішек-қарындарын үйіп төге берген. Тіпті, шошқа фермасының басшыларының өзі күніне үш жүзге жуық талпақ танауды осы жерге әкеліп көміп және сол әрекеттерінің заңсыз екенін де жасырмайды.

Нұрым Құмаров, «Парижская комуна» ЖШС атқарушы директоры:

- Құралымыз сынып қалған. Соны көміп тастап, коустикалық содамен көміп соны жасадық.

- Заңсыздыққа жол бергендеріңізді мойындап тұрсыз ғой қазір, иә?

- Қазіриә!   

Шошқа фермасы Есет батыр кесенесінің түбінен салынған. Наразалыққа шыққандармен кездесуге келген Алға ауданының басшыларын халық ең болмаса әруақтан қорықпадыңдар деп кінәлады.

Айсара Нарқожина, Бестамақ ауылының тұрғыны:

- Төбемізде Есет әулие жатыр. Мынау не масқара? Етегінде шошқа ұстап жатырмыз. Қай қазақтан көрдіңдер? Сол адамның найзасының ұшымен, халқының күшімен келген жерге шошқа ұстайды дегенді қай қазақтан көрдіңдер. Бізде бір тілек – шошқа жабылсын.

Аудан басшылары тұрғындардың талабын орындай алмайтындарын ашық айтты. Өйткені, сотсыз мәселе шешілмейді деп отыр.

Мамырғали Аққағазов, Алға ауданының әкімі:

- Жабылу мәселесі мен жаңа айтып отырмын заң талаптарына сәйкес жүреді. Қазір тұра тұр. Жігіттер, тыңдаңдаршы. Жабылуы тек сотпен ғана жүзеге асады.

Тұрғындар наразылыққа шығатындарын аймақ басшысы Оңдасын Оразалинге алдын ала ескерткен. Бірақ ол кездесуге ақыры келмей қойды.

- Кетпейміз, кетпейміз. Оразалин келсін. 

- Талап біреу-жабылсы.

Жергілікті билік шошқа фермасындағы экологиялық талаптардың бұзылуына қатысты комиссия құрамыз деп отыр. Оның құрамына Бестамақ ауылының тұрғындарын енгізбекші. Дегенмен, бұған халық келіспейді. Олар шұғыл түрде шошқа фермасы жабылмаса наразылықты күнде ұйымдастырамыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде