{metadescription}
Мемлекеттің миллиардтарына сатылып алынған ИВЛ аппараттар істемей жатыр
Мемлекеттің миллиардтарына сатылып алынған ИВЛ аппараттар істемей жатыр

Мемлекеттің миллиардтарына сатылып алынған ИВЛ аппараттар істемей жатыр

Қазақстандағы өкпені жасанды желдету аппараттарының жартысына жуығы жұмыс істемейді. Ең сорақысы, медициналық құралдар қазынаның резервінде тұрған миллиардтаған қаржыға сатып алынған. Жаға ұстатарлық жағдайды айтқан сенаторлар, бюджеттің әр тиынын бұлай тиімсіз жұмсауға жол бермейміз деп отыр. Ал жауапты министрліктегілер мемлекет ақшасына алынған аппараттардың сапасына шаң жуытпайды.

Тіпті, техника расымен жұмыс істемесе, ақжағалылар қызметтен кетуге әзір.

Өкпені жасанды жеделдету аппаратын, яғни ИВЛ аппараттарды жазда іздеп, сабылғанымыз әлі де есімізде. Содан болар, коронавирустың бірінші толқыны біте салысымен, жоғымызды түгендей бастадық. Үкімет дәрі-дәрмекті, қорғаныш құралдарын, сол ИВЛ аппараттарды індетті екінші толқыны бола қалса деп дайындап қойғанын айтты. Ал бүгін сенаторлар ел сенген шенеуніктердің өтіріктерін әшкере қылдық деп, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Өйткені олар отандық өкпені жасанды жеделдету аппараттарының жұмыс істемейтініне сенімді. Облыстардағы ауруханаларға жеткізілген 1500 ИВЛ аппараттың тек жартысы ғана науқастардың керегіне жарайын деп тұр. Мәселен, Жамбыл мен Түркістан облыстарындағы 50-ден аса аппаратты қолдану мүмкін емес дейді сенаторлар. Онсыз да өңірлерде жетіспей тұрған құралға үкімет резерв қаржысын жұмсаған.

Нұрлан Қылышбаев, Сенат депутаты:

- Биыл елімізде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа отандық өндірушіден 1500 өкпені жасанды желдету аппаратын салып алған. Алайда елдегі барлық денсаулық сақтау ұйымы іс жүзінде тек 831 аппаратты ғана қабылдаған.

Ал Индустрия министрлігі Қылышбаев айтқан мың жарым аппаратты еліміздің 297 емдеу мекемесіне жеткізгенін мойындайды. Алайда, ешбірінен сапасына қатысты шағым болмаған. Кей кезде ақаулар болғанда, бірден жөндеп бердік деп ақталды.

Талғат Жанжүменов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- 1 қарашадағы жағдай бойынша мың жарым өкпені жасанды желдету аппараты еліміздің 297 емдеу мекемесіне жеткізілді, барлығы іске қосылған және пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта 140 аппарат қолданыста, қалғандары резервте тұр. Бұл кезеңде Нұр-Сұлтан қаласында аппараттар ұзағырақ қолданылатыны байқалды  барлық аппарат жұмысына шағым-ескерту түскен жоқ. Өткен аптада Семейде бір компрессордың аздаған ақауы болды, бір тәулікте бұл компрессор ауыстырылды.

Депутаттың қызыл кеңірдек болып айтқанын министрлік өкілдері құптамайды. Сенаторлар сөзін жалған деп Жанжүменов жиында бір-ақ кесті. Тіпті, техникалар жұмыс істемесе, жауаптылар жұмыстан кетуге тас-түйін дайын.

Вице-министр қызметінен кете ме, кетпей ме беймәлім. Бірақ, қазірден бастап Үкіметтің бұл шаруаға бел шеше кірісетіні белгісіз. Айта кетейік, бір өкпені жасанды жеделдету аппаратының құны 9 миллион теңгенің шамасында. Елордада орналасқан зауытта біздің мамандар түріктердің құралдарынан аппаратты екі жарым айда жинап шығарған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде