Аспаздар айлығын даулап жүр
Алматыда «Светлана» кулинарлық цехының жұмысшылары 3 айдан бері маңдай тер ақыларын ала алмай жүр. Айтуларынша, келісім- шартқа 42 500 теңге айлық жазып берген серіктестікке жауаптылар, қолдарына бір тиынын да ұстатпапты. Осылайша еңбекақыларын даулап, мекемеге басып кірмек болған аспаздар цех ішіндегі санитарлық талаптың сақталмайтынына да шағымданды. Алайда құлақ асып жатқан басшылық жоқ. Керісінше, кінәні өздеріне арта салды.
Автор: Салтанат Шырынхан
20.11.2020
Қара суықта жиылған аспаздардың мұңы ортақ, базынасы бір. Олар 2-3 ай бұрын карантинде нәпақа табу үшін «Светлана» кулинарлық цехына жұмысқа кірген. Алайда содан бері адал еңбектерінің бір тиынын да көрмепті. Керісінше, жол пұлымызға артық шығын шығып, тығырыққа тіреді деп отыр. Өйткені бір айлыққа қараған халық үйлерінде ішерге асы қалмағанын айтады.
Гүлжамал Ошақбаева:
- Адам болмай қалған кезде екеуміз ғана болдық. Бәліш те де жасадық, ыдыс та жудық. Ақшаларды сұрағанда неше түрлі жауап береді. Бір кісіні итеріп-итеріп қуып жіберген. Жұма күні сағат 4-ке кел дейді. Келсең, жоқ болады. Ешкімді таппай қаласын.
Аспаздардың барлығымен еңбек келісім-шарты жасалған. Дегенмен қырық сылтауын айтып сытылған басшылар онда 42 500 теңге ғана төлеп, қалғанын қолма-қол беруге келісіпті. Бірақ кейіннен ол да жоқ болған. Осылайша ашынған жұмысшылар түрлі мекемеге тамақ әзірлеп, тарататын үлкен цехтың ішкі жағдайын да жайып салды. Санитарлық талап сақталмағанын, тарақандар өріп жүргенін ұялы телефондарына түсіріп алыпты.
Бибігүл Шоқаманова:
- Іштегі жағдай өте нашар. Жағдай жоқ. Барлық жерде таракандар, егеуқұйрықтар жүгіріп жүр. Біз айттық мынандай жерде жұмыс жасап жатырмыз. Елдерге тамақ жасаймыз. Осының арасында қалай жасаймыз біз деп. Ешқандай жуатын зат бермейді. Қол жуатын сабын да бермейді. Оны да үйден алып келіп, қолымызды жуып жүрдік. Маска да жоқ. Қолғапты да өзіміз алып келдік.
Наразы топ қазір ішке аттап баса алмай отыр. Өйткені барлығын да жұмыстан әлдеқашан шығарып жіберген. Тіпті заттарын алуға мұрша бермей, дәл осылай қоқысқа арналған пакетке жинап беріпті. Күзетшілері бүгін де қақпаны тарс жауып, ешкімді кіргізбеді. Ақырында заңгер шығып, кінәнің бәрін қызметкерлердің өзіне жапты.
Светлана Пономарева, «Светлана» ЖШС кулинарлық цехының заңгері:
- Барлығын ресми түрде тіркегенбіз. Сонда төленетін сомма көрсетілген. Ал қалғаны жұмысшылардың жұмысына байланысты беріліп отырады деп те келісілген. Пісірген өнімнің сапасына, көлеміне, салмағына аспаздардың өздері жауапты. Сондай-ақ, есеп беріп отырулары тиіс. Енді оның бірі де орындалмаған соң өздері ғана кінәлі.
Осылайша өздеріне сенімді цехтың басшылығы барлығын заң жүзінде де дәлелдеп бере алатынын айтады. Ал еңбекақыларын бұл жолы да ала алмағандар мұнымен тоқтамаймыз деп тарқасты. Енді арқалаған арыздарын прокуратураға жібермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!