{metadescription}
Көкшетауда үлескерлер төрт жыл бойы пәтерін ала алмай жүр 
Көкшетауда үлескерлер төрт жыл бойы пәтерін ала алмай жүр 

Көкшетауда үлескерлер төрт жыл бойы пәтерін ала алмай жүр 

Көкшетауда құрылысқа миллиондап қаржы салған 50 шақты үлескер төрт жылдан бері пәтерін ала алмай табанынан таусылып жүр. Сақалды құрылыс аяқталса да, тұрғындарға пәтер бұйырмауы мүмкін. Өйткені «Отау Құрылыс» компаниясы: Үлескерлердің ақшасын көрген жоқпыз, олар қаржыны жеке кооперативке құйған», - деп шаң жуытар емес.

Ал «ОтауDevelopment» тұрғынүй-құрылыс кооперативі ақшаның құрылысқа жұмсалғанын айтып, мердігерді сотқа бермекші. Екі ортада тұрғындар баспанасыз қалған.

Қала әкімдігінен қарыс қадам жерде 2016 жылы басталған тұрғын үй құрылысы төрт корпустан тұруы керек. Төрт жылда 9 қабатты тек екі ғимарат қана бой көтерді. Оның өзінде «тапсырылуға дайын» деген үйдің әлі күнге дейін кәріз құбыры жоқ.Әу бастағы келісіммен құбыр тартуға қаражат мемлекеттен бөлінген екен. Бірақ бөлінген 400 миллион теңгеге тендер жүргізілгенімен, кәріз құбырын тартуға келген мердігері созбалаңға салған. Сақалды құрылыс аяқталса да үлескерлерге бұйырмауы мүмкін. Өйткені әрқайсысы 4 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін ақша құйған 50 шақты  адам енді үйге жақындай алмай жүр. «Мердігер көк тиын ақша алған жоқпыз деп жолатпайды», - дейді жиналғандар.      

Азамат Қожақов, үлескер:

- Осы жерде отырғандар өздері де бізден алғанына келіседі. Бәрімізді түрімізден танып алған. Өйткені біз олардың табалдырығын тоздырғалы төрт жыл болды. Әділет іздейміз. Прокуратураға да бардық. Әкім де, облыс әкімі де келді. Ешкім ештеңе шеше алмайды. Сонда біз әділетті қайдан іздеуіміз керек?  

Әділдік таппаған тұрғындар арасында қаланың қақ ортасындағы үйге үлескер болып кіруге несие алып, төрт жыл төлеп жүргендер де бар. Алайда мердігер бұл үлескерлердің «ОтауDevelopment» тұрғын үй кооперативіне қаржы салғанын, ол компаниямен ешқандай байланысы жоқ екенін айтады.

Санат Шәкімов, «Отау Құрылыс» ЖШС заңгері:

- Кооператив өз міндетін орындаған жоқ. Қаржы аударылмай қалды. Біз үйді несие алып өз қаражатымызға аяқтадық. Сіздер сол компаниямен келісім жасағансыздар. Кооператив  сіздер сияқты бізді де қиын жағдайға қалдырды. Қазір үшжақты актілерді салыстыруымыз керек болатын. Бірақ олармен келісе алмай отырмыз. Қазір сотқа құжаттар әзірлеп жатырмыз. 

Руслан Сәрсембаев, «ОтауDevelopment» тұрғын үй құрылыс кооперативінің төрағасы:

- Бұл адамдарды алдағысы келеді. Мен қазір өз тарапымнан осы мәселемен айналысып жатырмын. Мені алдады, жобаны толық тартып алды, енді маған елді қарсы қойып отыр.

Мердігер мен кооператив төрағасының жауабы осы. Екеуі де бір-бірін сотқа сүйреп, істің ақ-қарасын анықтамақшы. Ал үлескерлер арасында көпқабатты үйлерді тұрғызу үшін баспанасын сүріп тастауға келісіп, өздері пәтер жалдап жүргендер де бар. Әбден шиеленіскен үлескерлер дауына енді тек сот қана нүкте қоюы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде