Айдос Есмағамбетов: Елбасының мүсінін жасап сынға қалдым
«Обаманың, Назарбаевтың мүсінін жасап, баспана дәметкенім жоқ». Қазақстандағы әзірге жалғыз гиперреалист Айдос Есмағамбетов осылай деп мәлімдеді. Шебер елбасының бақандай үш мүсінін жасаған. Сол үшін де талайдың сынына қалыпты.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
01.12.2020
Бірақ қаңқу сөзге мән бермейтін ол бүгінде Абайды айна-қатесіз әспеттеп, көрерменін тәнті еткен. Қазақтың тұңғыш гипперреалисі не дейді?
Еліміздің тұңғыш гиперреалисі Айдос жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Алайда өнердің сан тарауынан гиперреализмді таңдауы емес, әйгілі тұлғаларды мүсіндеуі есімін танымал етті. Әсіресе Нұрсұлтан Назарбаевтың, Барак Обаманың құйып қойғандай мынай бейнесі Айдостың атын алты қырдан асырды.
Айдос Есмағамбетов, гиперреалист:
- Сол кезден бастап біраз пікір естіп жатырмыз ғой. «Үй алғысы келеді», «ойбай, өзіне пиар жасағысы келеді» деп. Тағы да айта кетейін мен ондай нәрсені көздеген емеспін. Үйді мен өз еңбегіммен аламын.
Ол гиперреализмге 2010 жылы бас қойған. Осы аралықта он шақты мүсінін көпшілік назарына ұсынған. Тұңғыш Президенттің үш мүсінін, бұған дейін Абылай ханның және биыл Абайды сомдап үлгерді. Әр жұмысына жарты жылдай уақытын сарп етеді. Айдостың айтуынша, мұнда мүсіншілік, суретшілікпен қатар антропологиялық сауат та қажет. Тарихи тұлғаларды әспеттеуден қиыны жоқ екен. Мұрағат деректерімен қоса археологтардың да мәліметіне иек артады. Сондықтан да өз еңбегін ерекше мақтан тұтады.
Айдос Есмағамбетов, гиперреалист:
- Мақтануға тұрарлық нәрсе ғой. Бірақ «мен мен» деп мақтанып тұрғаным жоқ. Қолымнан келіп тұрғаннан кейін кім жасайды? Әлде шет мемлекеттегі гипперреалист Мадам Тюссоларға тапсырыс берейік пе, бізге осындай Абайбың мүсінін жасап беріңдер деп. Сондықтан қолымнан келген соң бірден кірісе кеттім.
Гиперреализмде ұлттық нақышты қалыптастыруды мұрат еткен Айдос бүгінде Геннадий Головкиннің мүсінін жасауға кіріскен. Бұл әзірге нобайы ғана. Ал ауқымды армандарының бірі – Қазақстанда гиперреализм туындыларына арналған музей ашу. Айтуынша, ол жоспары әзірге қолдау таппай келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!