Түркістанның жаңа әуежайына алғашқы ұшақ қонды
Бүгін Түркістандағы жаңа әуежайға алғашқы ұшақ келіп қонды. Санаулы сағат бұрын Нұр-Сұлтаннан ұшып шыққан әуе кемесі киелі шахарға сәтті қонды. Бұл оқиға Түркістанға маңызды әрі тарихи болғандықтан, көпшілік алғашқы рейсті салтанатпен күтті.
Автор: Бек Әбиев
01.12.2020
Түркістан қаласынан 16 шақырым жердегі су жаңа әуежайда бүгін қарбалас. Бірер күн бұрын ғана жауған жауыннан құрылысы жүріп жатқан әуежай маңы ми батпақ. Жұмысшылар лайды қолмен де, техникамен де тазартып әлек. Себебі, бүгін бүкіл Түркістанға тарихи сәт – жаңа әуежайға бірінші рейс қонуы тиіс.
Әуежайдың іші адамға лық толы. Қобалжыған жұрт Нұр-Сұлтаннан келе жатқан жақынын күтіп жүр. Сонша күткен рейс әуежайға дер кезінде келіп қонды. Алғашқы жолаушыларды Түркістанның ығайы мен сығайы қызыл лента қиып қарсы алды.
Алғашқы рейспен 180 жолаушы жетіпті. Жас пен кәрісі бар, барлығы мәз. Солтүстіктен оңтүстікке бар-жоғы бір жарым сағатта жеткен жолаушылар «еш қобалжыған жоқпыз» дейді. Ал оларды салтанатпен қарсы алғанға тіпті риза. Арасында алғашқы рейске деп арнайы билеттті ерте алғандар көп екен.
Яков Федоров, жолаушы:
- Әрине, тарихи, өте маңызды жер. Сол себепті осы жерге тікелей рейстер өте керек болды. Сол үшін мен бүкіл туристерді Түркістанға шақырамын. Маған ыңғайлы рейс, жақсы әсер берді.
«Хәзірет Сұлтан» –Қазақстан егемендік алғалы тұрғызылған алғашқы Түркістан әуежайы. Әлемдік стандартқа сай әуежай мен терминал жылтырап-ақ тұр. Бір ғана әттеген-айы, әуежайда интернет әлсіз әрі әжетханасында су тапшы.
- Дәретханадан шықтық. Бірақ не унитазда, не ағызғыштарда су жоқ. Ал мынау болса мүлдем құлайын деп тұр. Әйтпесе жап-жаңа әуежай.
Әуежай әкімшілігі «бұл уақытша келеңсіздік» дейді. Тек қызметкерлерге арналған қанатта су жоқ деген олар «жолаушылар қиындық көрмейді» деп отыр.
Айналасы бір жылда салынған Түркістан әуежайына 68 миллиард теңге жұмсалыпты. Ал құрылысына ең мықты деген құрылыс компаниялары кіріскен екен.
Арман Жетпісбай, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- Сапалы құрылған. Ең жоғары технология пайдаланған. Әлемдегі алдыңғы қатарлы әуежайлардың бірі. Ұят емес. Мақтан тұтамыз.Облыста 3 миллионға жуық халық бар. Көршілес Қызылорда облысында 1 миллионға жуық халық. Ол тек қонақтар, ал Түркістанға келетін әрине, біздің тұрғындар. Сонымен қатар көршілес жерлестер де пайдаланады.
Сағатына 450 жолаушы қабылдауға қауқарлы халықаралық Хәзірет Сұлтан әуежайы жылына 3 миллионға дейін жолаушыға қызмет көрсетеді. Қазір мұнда жергілікті 180 тұрғын жұмыспен қамтылды.
Бүгіннен бастап Түркістан әуежайынан аптасына алты мәрте Түркістан- Нұр-Сұлтан бағытымен ұшақ қатынайды. Ал Алматыға рейс жетісіне төрт мәрте. Бұл басы ғана. Рейстер бірте-бірте көбеюі тиіс. Мәселен, келесі жылдан бастап осы әуежайдан Түркия мен Сауд Арабиясына дейін ұшақ шығуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!