{metadescription}
Шатыры өртенген үйдің тұрғындары қаңғып қалды – Ақтөбе
Шатыры өртенген үйдің тұрғындары қаңғып қалды – Ақтөбе

Шатыры өртенген үйдің тұрғындары қаңғып қалды – Ақтөбе

Ақтөбеде маскүнемдердің кесірінен көпқабатты үйдің шатыры отқа оранды. Шатырға шығып арақ ішкендер темекі тұқылын сөндірмей кеткен. Соның салдарынан ондаған пәтердің дүние-мүлкі бүлініп, тұрғындар баспанасына  кіре алмай жүр. Көбі туған-туысын жағалап кетсе, біразы жақын маңдағы колледждің жатақханасына түнеп жүр.

Қыстың көзі қырауда далада қалған тұрғындармен тілшіміз тілдесті.   

Ақтөбенің қақ ортасындағы үй тұрғындары таң атысымен дүние-мүлкін түгендеп жүр. Түнде шатырдан өрт шығып, 200-ге жуық адам бас сауғалап баспанасынан қашқан. Аязды күні көбі қаладағы туыстарының үйінде түнеп шықса, біразына жақын маңдағы колледж жатақханасын ұсынған.  

Жәмила Жұмағұлова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Алаңсыз үйімізде жатқанбыз. Кешкі сағат тоғыздан кете көршілеріміз есігімізді қағып, «өрт шықты» деп, бәріміз бала-шағамызбен киімсіз, құжатсыз далаға атып шықтық.  

Үйдің шатырына маскүнемдер жиі жиналады. Төбеге шығатын есікті тұрғындар құлыптап қойғанымен, адам жоқта бұзып кіреді екен. Енді соның арты өртке әкеліп отыр. Мұны мамандар да растады.

Құмар Тұрмағанбетов, Ақтөбе облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Өрттің себебі: шатырда темекі тұтатқан. Соның кесірі деп мәлімет беріп отыр. Шатырға диван қойған. Қоқыс үйіп тастаған. Сол жерде ішімдік ішкен, бөтелкелер жатыр. Соның салдары осындай нәтиже беріп отыр.

Шатыры отқа оранған үйдегі пәтерлер өрттен аман қалғанымен, баспананы ыс басыпты. Отты сөндірген кезде түгел су алып кеткен. «Бүлінген дүние-мүліктен бөлек, ең алдымен төбемізді әкімдік жөндеп берсе», - дейді тұрғындар. Қыс бойы ашық-шашық қалса, көктемде тағы шаңырағымызды су басады деп қорқады.

Болатбек Жолаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Бірінші кезекте төбені істеу керек. Ертең шатырдан су кетеді. Бәрібір барлығы кетіп қалды. Қалай болғанда да көмек керек қой.  

Үй шатыры осыдан екі жыл бұрын термо жаңғырту бағдарламасымен  жаңадан жабылған. Енді тұрғындар соған несие төлеп отыр. «Өрттің кесерінен ақшамыз далаға кетті» деп өкінген тұрғындардың өтінішін шенеуніктердің орындай қоюы белгісіз. Әзірге тек бір реттік ақшалай көмек беріледі.  

Дариға Исмағанбетова, Астана ауданының әкімі:

- Комиссия құрылып, іс қозғалды. Содан кейін қандай көмек берілетінінің шешімі шығады. Бір реттік көмек болады. Қандай құжат керек, барлығы айтылды.

- Шатырын жөндеп бересіздер ме?

- Оны шешім, сараптама шыққан кейін айта аламын.

Қазір бес қабатты үйдің шатырынан шыққан өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мамандар отты тұтатқан адамды табу қиын екенін айтады. «Егер ұсталған жағдайда, заңға сәйкес, келтірген шығынды сол адамнан өндірер едік», - дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде