Шетелде демалып жатқан қазақстандықтар қандай шектеуге тап болды?
Коронавирус қаупіне қарамастан отандастарымыз шетелге демалысқа ағылуда. Ал саяхатшы көптеп баратын елдер туризм саласына шектеу енгізуге мәжбүр. Мәселен, бүгіннен бастап Түркия қонақүйлеріндегі ойын-сауық шаралары кешкі онда тоқтатылуы тиіс. Елде коменданттық сағат енгізілген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
01.12.2020
Мұның туристерге әсері қандай? Өзге елдерде демалып жатқан қазақстандықтар қандай шектеулерге тап болды?
Коронавирус саяхатты жаны сүйетіндерге тосқауыл емес. Демалысты аңсаған жұрт қауіпке қарамастан шекарасы ашық елдерге ағылып жатыр. Әсіресе отандастарымыздың таңдауы – Түркия. Бірақ бұл ел бүгіннен бастап туризм саласына шектеу енгізді – қонақүйлерде кешкі сағат оннан кейін ойын-сауыққа тыйым салынды. Отельдердегі мейрамханалар тек сонда тұрып жатқан қонақтарға қызмет көрсетеді.
Вероника Соломонова, Қазақстан азаматы:
- Қазір Антальядағы қонақүйлер турист қабылдап жатыр. Отель аумағында еш шектеу жоқ. Саяхатшылар қонақүйден тыс жерлерге де шыға алады. Бірақ бетперде режимін сақтау керек. Түркия азаматтарына қатысты шектеулердің демалушыларға қатысы жоқ.
Түркия азаматтарына қыстың алғашқы күні қатаң карантинмен басталды. Ел тұрғындарының демалыс күні далаға шығуына түбегейлі тыйым салынған. Жұмыс күндері кешкі сағат 9-дан таңғы 5-ке дейін үйде отыру керек. Ал туристер бұл уақытта далаға шыға алады. Бірақ бұдан еш пайда жоқ. Өйткені мейрамханалар да, бассейндер де жабық. Сауда орталықтарына кіруге арнайы рұқсат қажет.
Жалпы пандемия басталғалы Түркияда 640 мыңдай адам індетпен тіркелген. Бұған қарағанда Мысырдағы жағдай тұрақты. Мұнда туристер бетпердесіз де жүре алады. Суықтан қашып теңіз жағалауына барған отандастарымыз жайбарақат демалып жатыр.
Әйгерім Құсайынова, Қазақстан азаматы:
- Тек сауда орталығына, көп адам жиналатын жерге барған кезде бетперде талап етеді. Отель төңірегінде, жағажайда, кішігірім базарларға барғанда бетперде талап етпейді.
Індеттен қорықпайтын қазақстандықтар Дубайға да көптеп барып жатыр. Мұндағы ахуал да бірқалыпты дейді туристер. Саяхатшыларға қатаң талап қойылмапты.
Гүлжан Қалиева, Қазақстан азаматы:
- Қалада мейрамхана, барлар еш кедергісіз жұмыс істеп тұр. Сауда орталықтары да ашық. Адамдардың сауда-саттық жасау белсенділігі артқан.
Алайда «сақтансаң, сақтайтынын» ұмытпаған абзал. Өйткені ауа арқылы тарайтын кесел осыған дейін әлемдегі 63 миллион 315 мың адамға жұғып үлгерген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!