Алаяққа алданған бір топ тұрғын араша сұрайды – Алматы облысы
Сенімге кіріп сан соқтырған! Алматы облысында бір топ тұрғын алаяқтың құрбанына айналды. Әкімдік арқылы мемлекеттік бағдарламамен Ұзынағаш ауылынан уй алып беремін деген келіншек әрқайсынан бір жарым миллион теңге алған. Бірнеше жыл өткенмен, не баспана жоқ, не ақшасы кері қайтпаған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
02.12.2020
Алданғандар полиция басқармасына арыз жазғанымен, іс сол күйі жылжымаған. Ақшадан айырылып, баспанадан күдер үзген тұрғындармен тілшіміз кездесті.
- Сауытбекова Мәдина бізді, барлық осы адамдардың бәрін алдап, қашып, бізге ұстатпай жүр.
Гүлмира Ықсанова алаяқтық қақпанына түстім дегендердің бірі. Қолында өзін алдады деген келіншектің кепілге қалдырған құжаты ғана бар. Қарызданып, қауғаланып бір жарым млн теңгесін осыдан төрт жыл бұрын оған қолымен санап берген.
Гүлмира Ықсанова:
- Төлеп бергеннен кейін бір жарым жылдың ішінде «үйге кіресіздер, пәтерге төлемейсіздер, үйге төлеп, 10-15 жылда үй өзіңіздікі болады» деді. «Әкімдік ауысты», «үйтті-бүйтті» деді, одан 2017 жылдан кейін ол қызды кеңсесінен таппадық.
Уәденің бос сандырақ екенін білгендер сан соғып қалды. «Ақшаны алдым» деген түбіртегінің еш заңдық күші жоқ екенін де кеш ұққан. Дүкеннің екінші қабатындағы кеңсесінен кеткеніне көп болған. Алданғандар енді арызын арқалап полиция жағалап жүр.
Развангул Усманова:
- Полиция басқармасы істі дұрыс жүргізбей отыр. «Төртінші баласын босанды, баласы 18-ге толғанда ғана арыздана аласыңдар» деп, бізді кері қайтарып жіберді. Бұлай болмайды ғой. Сонда бізде заң жоқ па?!
Айып тағылған Мәдина Сауытбекова Ұзынағашқа қоңсылас Қаскелеңдегі адамдарды да «жер алып беремін» деп алдаған. Олар да ақшасын қайтара алмай сандалған.
Түлкі бұлаңға салынған істен Жамбыл аудандық полиция басқармасы хабардар болғанмен, әзір артық тіс жармай отыр. Тергеудің жүруі жөнінде де жарытып жауап беруге жарамады. Ал «алдандық» деген адамдар Ішкі істер министрлігінің араша түсуін сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!