Маңғыстауға Ақтөбедегі зауытты көшірсе, 250 адам жұмыссыз қалады
Ақтөбедегі мұнай жабдықтары зауытының Маңғыстау облысына көшуіне жұмысшылар қарсы. Кәсіпорын Жаңаөзенге кетсе, 250 адам жұмыссыз қалады. Ал зауыт басшылары 8 миллиард теңгені алу үшін еліміздегі ең ірі мұнай компаниясының талабын орындауға мәжбүрміз дейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.12.2020
Енді ақтөбеліктерді табысынан айырмау үшін «Өзенмұнайгаз» келісімшарттағы зауыт ашу туралы тармақты өзгертуі тиіс.
Ақтөбедегі мұнай жабдықтарын шығаратын зауыттың жұмысшылары бір аптадан бері әрі-сәрі күйде жүр. Кәсіпорын басшылары зауыттың көршілес Маңғыстау облысына көшетінін айтқан. Енді 200-ден аса адам жаңа жылда жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдап отыр.
Хайдар Мұстафин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Зауытты бұл жақтан алып, Өзен қаласына қалай көшіреді? 250 адам жұмыс істеп жатыр. Олар ертең қалай күн көреді? Мысалы, осындай қысылтаяң пандемия кезінде қазір кім жұмыс табады? Ешкім еш жерден жұмыс таба алмайды.
Серік Тасеменов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бізді таратып жіберсе, зейнетке шығуға екі жылым қалды. Бұдан бір жыл, жарты жыл қалғандар бар. Қайда барамыз? Бізді кім алады? Соны түсінбеймін. Жоғарыдағылар не ойлайды?
Зауыт басшылары кәсіпорынды Жаңаөзенге көшіру туралы «Өзенмұнайгаз» компаниясының талап қойып отырғанын айтады. Орындамаса, 8 миллиард теңге шетелдік кәсіпорындардың қалтасына кетеді. Маңғыстаулық шенеуніктер мұнай компанисының осы шартының арқасында өз өңірлеріндегі әлеуметтік мәселені шешкісі келіп отыр дейді.
Гасал Мусин, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ бас директоры:
- Жаңаөзеннен өндіріс ашу туралы шарттағы талапты алып тастаса мәселе шешілер еді. Үш жыл бойы тұрақты тапсырысын орындап отырамыз. Бірақ биыл «Өзенмұнайгаз» компаниясы екі жүз бұрғы ұңғымасын жауып тастады. Енді тұрғындарды жұмыспен қамту керек. Ол үшін Қазақстандағы өнім жеткізушілердің ақшасы мен күшінің арқасында өз әлеуметтік мәселесін шешкісі келеді.
Ақтөбе облысының басшылары зауытты көшіру экономикалық тұрғыдан да тиімсіз екенін айтады. Сондықтан «Самұрық-Қазына» қоры мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы осы меселені шешуге тырысып жатыр.
Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі таңда біз осы мәселені әріптестермен талқыладық, жеткіздік. Экономикалық тұрғыдан, жалпы «Самұрық-Қазына» толығымен бізбен келісіп жатыр. Зауытты көшіру тиімсіз. Неге десеңіз, бүгінгі шығарылатын тауар тек қана біз, аудан не бір қалаға тапсыратын тауар емес.
Биліктегілер енді ертеңге дейін бір шешімге келуі керек. Әзірге әкімдіктегілер зауыттың көшірілмейтіне сенім білдіріп отыр. Себебі, келіссөзге қатысқандардың көбі осындай емеурін білдірген. Енді тек оны «құжатпен растап берсе» дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!