{metadescription}
Неге қазақстандықтар ипотекадан қағылды?
Неге қазақстандықтар ипотекадан қағылды?

Неге қазақстандықтар ипотекадан қағылды?

Коронавирустың кесірінен қазақстандықтар ипотека алу мүмкіндігінен қағылды. Өз үйіне қол жеткізе алмай жүрген халыққа банктер ақша бермек түгілі, өтінішін де пысқырмаған. Мұны қаржылық ұйымдар зейнетақы аударымдарының жоқтығымен түсіндіреді.

Үкімет 1-сәуірден бастап шағын және орта бизнестегілерді салық төлеуден босатқан. Бастапқыда жалақыны толық алдық деп қуанғандар енді опық жеп отыр. Тілшіміз банктегі былықтың қаншалықты заңды екенін анықтап көрді.

Елорда тұрғыны Илья Астаховтың жазда үй аламын деген арманы сағымдай бұлдырады. Ипотекалық бағдарламалардың бірін пайдаланып үй алуды жоспарлап, жүріс-тұрысынан артылғанын жинапты. Енді «жиналды-ау» дегенде, банк өтінішін қабылдамаған. Жұмыс істегенімен, үш ай бойы зейнетақы жарнасының жоқтығы жығылғанға жұдырық болған.

Илья Астахов:

Банкке барып, одан сан сауалмен шықтым. «Жұмыс берушім зейнетақы жарнасын аудармағаны ма?» деп таңдағаным рас. Кейін сұрастырсам, салық рақымшылығы туралы түсіндіріп берді. Үш ай бойы мен жұмыс істейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зейнетақы жарнасын аудармаған. Енді ғана үй алатын ақшам бар деп барғанымда, банк өтінішімді қарамай жатыр.

Илья жүрген БАҚ саласы сияқты Үкіметтің салық рақымшылығына шағын және орта бизнестегілер ілікті. 1-сәуірден бастап жеңілдік алғандар медициналық сақтандыру, зейнетақы, әлеуметтік салық төлеген жоқ. Әлбетте осы мерзімде бұқараға бұрын төлеген барлық жарна қайтарылды, қайтарылуы керек. Жалақыны толық пайдаландық деп қуанған жұрт қазір не несие, не ипотека ала алмай қиналып жүр.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі:

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударым жасамаған азаматтар санаты кірістілігін растау үшін және «7-20-25» және «Баспана Хит» мемлекеттік бағдарламалары арқылы ипотека рәсімдеуге банкке жұмыс орнынан соңғы 6 айдағы кірісі туралы анықтама немесе жеке табыс салығы бойынша жеке тұлғаның салықтық декларациясын тапсыруына болады.

Ұлттық банктің осындай жауабын алғаннан кейін екінші деңгейлі банктердің де айтары өзгере түсті. Пандемияға дейін кез келген ипотекаға өтініш берушінің сұранысын кредиттік скоринг жүйесі сараласа, қазір ол жұмыс банктердегі тірі адамдарға өтіпті – арнайы комиссия қарайды.

Ернар Төлеуқұлов, банк өкілі:

Қазір пандемия кезінде скорингпен жауабы жоққа шығарылса да, біз несие комитеті арқылы адамның жағдайын қарап, басқа кірісі, оның бәрін сараптаймыз да, зейнетақы төлемі болмаса да шешім шығаруға болады.

Банктің пандемия кезінде ипотекалық қарыз беру деңгейі төмендеген. Ал Ұлттық банк осы жылдың наурыз-қазан айларында көп адам қоныс тойын тойлады дейді. Екінші деңгейлі банктер елде коронавирус дерегі тіркеліп жатқан кез  наурыздан бері 602 млрд 8 млн теңгеге ипотека қарыз беріпті.

Бұл сома Ұлттық банк мәліметінше өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Әрине, біздегі шенеуніктер әрқашан қандай да бір өсу көрсеткішінің артқанын қалайды. Бұған қуану керек те шығар, бірақ елдегі тұрғын үй бағасының күнде айтарлықтай өсіп жатқаны ипотека алуға тағы бір кедергі дейді. Бір сөзбен айтқанда, тентіреп жүрген жұрт тағы да тентірей бермек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде