Қырғауылдықтар ұялы байланыс станциясына қарсы
«Антеннаны алып тастасын». Алматы іргесіндегі Қырғауылды ауылының тұрғындары дәл іргесінен орнатылған ұялы байланыс станциясының орнатылуына қарсы шықты. Жұрт базалық станциядан бөлінетін зиянды толқын ағзаға кері әсер етіп, онкологиялық ауруға душар боламыз деп алаңдаулы.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
03.12.2020
Ал ауылдың ішіне станция орнатқан компанияның пікірі қандай?
Қырғауылды ауылының ішінен ұялы байланыс операторының базалық станциясы қазан айында орнатыла бастапты. Сол уақыттан бері тұрғындардың тынышы қашқан. Алып антеннадан таралатын зиянды толқын ағзаға зиян деген қараша құрылысқа әу бастан қарсылық танытыпты. Бірақ шырылдаған бұқараның пікірін әзірге тыңдайтын адам табылмай тұр.
Жұмахан Байсақалова, Қырғаулды ауылының тұрғыны:
- Біз дәрігерлерге телефон шалдық. Олар: «Жоғары жиілікті сәуле шашылып, онкологиялық ауруға душар болуға бір ай жеткілікті», - деді. Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз денсаулығымызды құртқымыз келмейді. Сіздерді осы проблемаға назар аударуды сұраймыз.
Мұнараны алып тастау үшін тұрғындар талай табалдырық тоздырған. Алайда жергілікті әкімдіктегілер жұрттың бас ауруына айналған мәселені шешуге «құзырымыз жетпейді» деп ашығын айтыпты.
Станция тұрғызған серіктестік өкілдері құрылысты бастағанда көпшіліктен еш рұқсат сұрамапты. Сондай-ақ тұрғындар бұл жерде барлық талап сақталмағанын жеткізді. Өйткені мұнара мен үйлердің арасы он метрге де жетпейді. Сондықтан жұрт: «Жел тұрып, боран соқса, алып темір баспанамыздың үстіне құлай ма?», - деп алаңдайды. Оған қоса қырғауылдықтар интернеттен бұрын-соңды қиындық көрмедік деп отыр.
Қанат Қожахмет, Қырғауылды ауылының тұрғыны:
- Жердің астымен интернет жүргізілген.Өзім Билайн компаниясының абонентімін. Ешқандай проблема жоқ. Инновация министрі Бағдат Мусин министрдің алдында, депутаттардың алдында «біз ауылдық жерлерді интернетпен қамтамасыз етіп жатырмыз» деп есеп береді. Бірақ бұл антенна қалай қойылып жатыр? Халықтың рұқсаты бар ма? Оған ешкім бас қатырып жатқан жоқ.
Жауапты компания елдімекендегі жер үйлердің бірімен келісіп, соның ауласына станция орнатқан. Баспана иесіне ай сайын жалға алу құнын төлейді. Сол қосымша табысқа кенелген азамат көршілерінің «аралылығы орынсыз» деп отыр.
Айдын Боранбайұлы, Қырғауылды ауылының тұрғыны:
- Мен станцияны әлемге әкеп тұрған жоқпын. Ондай станция барлық жерде орналасқан. Әлеметтік жағдайымды көтеру үшін. Өз басым, өз мүддем үшін тұрғызып жатырмын. Бүкіл нормативтік құжаттар бар. Маған әкеліп таныстырды. Рұқсатымды бердім. Басқа менен не айып, не кінә?
Алматы облысында мыңнан аса осындай базалық станция бар. «Бұл антенна интернет жұмысын жеделдетіп, ұялы байланыс желісін бұрынғыдан да арттырады», - дейді жауапты компания.
Олег Снимщиков, «КаР-Тел» компаниясының техникалық директоры:
- Станция орнатылған кезде санитарлық ереже қатаң сақталады. Сосын станция жұмысын бастағанда мамандар одан бөлінетін толқындардың мөлшерін де өлшейді. Бұл құрылғыны орнату қауіпсіз деп сенімді айта аламын. Денсаулыққа да зиян емес. Біз орнатқан мұнаралар қатты желден осы күнге дейін құламаған.
Компания өкілдері алдағы уақытта тұрғындармен кездесіп, ұялы байланыстың базалық станциясы туралы «кең ақапарат береміз» деп отыр. Соған қарамастан қырғауылдықтар мұнараны алып тастауға бекінген. Төзімі таусылған тұрғындар мемлекет басшысына да хат жолдапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!