Облыс әкімі табыстаған 44 жедел жәрдем көлігі әлі қаңтарылып тұр – Қызылорда
Қызылордада осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова табыстаған 44 жедел жәрдем көлігі жіпсіз байланып тұр. Заманауи құралдармен жабдықталған көліктер қарашада-ақ науқас тасып қараша халықтың игілігіне жарауы тиіс еді. Алайда барлық көлік әлі күнге қаладағы көпбейінді аурухана ауласында қаңтарылып, қарға көміліп тұр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
03.12.2020
Ал жедел жәрдем стансасының бас дәрігерлері көлік құжатын кедендік рәсімдеуден өткізіп тіркеуге қоюмен шапқылап жүргенін айтып ақталды.
Қаз-қатар тізілген су жаңа көліктер заманауи қосымша құрылғылармен жабдықталған. Ішіндегі оттегінің көлемі ескі үлгідегісінен екі есе көп. Алайда мақтауы қыр асқан бұл темір тұлпарлар халықтың мұқтажына жаратылмай, қарға көміліп қаңтарылып тұр. Себебі, әлі күнге көліктердің кедендік рәсім мен техникалық құжаттары, тіпті сақтандыру полистері де жоқ екен. Барды ұқсатуға асықпаған шенеуніктер күрмеуі қиын мәселені шешіп жатқан сыңай танытады.
Алмат Құрманғали, Қызылорда облыстық жедел жәрдем станциясының директоры:
- Біз енді сақтандыру полисі бар, сосын жаңағы техникалық қызметі бар деген сияқты. Осының барлығы қаржы мәселесі, келісім бойынша кезең-кезеңмен шешілді. Сондықтан соңғы қалған енді... ресми түрі алдымыздағы сәрсенбі-бейсенбі күндері МАИ-дан автокөліктердің номірін аламыз.
Шенеуніктер мемлекеттік тіркеу нөмірлері дайын болмаса да, облыс әкімі тапсырған көліктерді аудандарға жібереміз дейді. Әу бастан қажет жеріне жөнелтпегенін өздерінше түсіндіреді. Атқамінерлердің айтуынша, аса даурығытындай дүние жоқ. Өйткені қазір аймақтағы ауруханаларда көлік жеткілікті. Алайда мұнымен қарашаның келіскісі жоқ.
- Халыққа қызмет ететін жедел жәрдемге көңіліміз толмайды. Себебі, шақырсаңыз, дер кезінде келмейді. Қазір жедел-жәрдемнің барлығы тозығы жеткен, көне.
- Үйде науқас анам бар. Жедел жәрдем уақтылы келмейді, сол себепті көңіліміз толмайды. Жарты сағат,бір сағат дегенде зорға келеді Коммунизм мөлтек ауданына. Осы уақытқа мүлдем уақытында келген емес.
12-қарашада Қызылорданың қақ ортасы адамға толған еді. Гүлшара Әбдіхалықова су жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілтін табыстап, іші-сыртын қарап жүр. Өзі де, қасындағылары да дән риза. Тек қара халық емес. Өйткені басы ауырып балтыры сыздаған қызылордалықтар мақтаулы көліктерге әлі отырып көрген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!