Нұр-Сұлтандағы элиталы үй тұрғындары электрсіз отыр
Сырты бүтін, іші түтін. Нұр-Сұлтан тұрғындарына жарығы жоқ 90-жылдар қайта оралғандай. Былтыр ғана берілген су жаңа тұрғын үй кешені содан бері жарыққа жарыған емес. Орталық электр желісіне қосылмаған соң кешенде аптасына төрт-бес рет жарық өшеді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
07.12.2020
Баспана алғанда қуанғандар қазір әбден мезі болған. Элиталы үйде электрсыз отырғандардың жайын тілшіміз көріп келді.
Бұл тұрғын үй кешені 2019 жылы тапсырылған. Көшіп келіп жатқан тұрғындарға құрылыс компаниясы кілт тапсырып тұрып: «Барлығы дайын», - деп ант-су ішкен. Алайда тұрғындар бір жыл бойы жарыққа жарымай жүр.
Тұрғындар бүгін жарықтың күндіз сөніп қалғанына мәз. Аязға қарамай, далада әйтеуір уақыт өткізіп жүрген түрі бар. Басым көпшілігі осы жылдың басында баспаналы болған. Бірақ ол қуаныштың бағынан соры басым боларын кім білген? Құрылыс компаниясы абыройын ойлағандықтан болар, жарық жүйесінің ақауын жасырып қалған.
Жансая Меңлібаева:
- «Біз білмейміз, қосады», - деді. Бізді әлі алдап келе жатыр. Уәдеге тойдық, шынын айтсақ. Бізге не керек? Бізге жай жарық керек. Жарық болмаса тірлік тоқтайды. Балаларымызға тамақ бере алмай қаламыз. Баламызға тамаққа қайнатылған су керек. Үйден шыға алмай қаламыз. Қашан жарық жанады деп түнімен күтіп отырамыз. Осы үлкен қиындық тудырып жатыр. «Амстердам» тұрғын үй кешені.
Құрғақ уәдеден ығыры шыққан тұрғындар құрылыс компаниясының кеңсесіне барды. Олар бұған дейін жарық мәселесін қазанның 15-де толық шешеміз деп уәде берген екен. Уәдесін орындай алмаған ұжым енді камераның алдында барынша ақталып, жағдайды түсіндіруге тырысты.
Алмагүл Қонарбай, Құрылыс компаниясының атқарушы директоры:
- Ол жердегі үйлердің жарықты тұтынуы күрт артып кеткен соң, арасында сөніп қалады. Бұл мәселені шешуге арнайы жоба жасақталды. Соны жүзеге асырған соң, барлық пәтерге жететін электр қуаты қолжетімді болмақ. Аталмыш жобаның созылып кеткенінен барлығы хабардар. Оның тезірек орындалуы бізге байланысты емес.
Әкімдік тұрғын үй кешенінің адамдары жарықтың тұрақсыздығына «әлі екі жылдай шыдауы керек» дейді. Арнайы жоба бар, бірақ қаржы бөлінбеген.
Сағындық Шорманов, Нұр-Сұлтан қалалық электрмен жабдықтау бөлімінің басшысы:
- «Амстердам» тұрғын үй кешеніндегі жарықтың сөніп қала беруі жиі болатын апаттың салдары. Сол маңда, өзіңіз де байқаған боларсыз, құрылыс әлі жүріп жатыр. Қазу, бұрғылау және басқа да жұмыс барысында электр желілеріне тиіп кетіп жатады, яғни жарық сөніп қалады. 2022 жылға қарай жарықпен тұрақты қамтудың арнайы жобасы жүзеге асырылады.
Жарығы жыр болған бұл кешеннің маңайында басқа да көпқабатты үйлер бар. Олардың барлығы тұрақты жарық жүйесіне қосылған. Тек осы 360-тан астам пәтерлі кешен ғана арпа ішінде бір бидай. Себебі де түсінікті, электр ұяшығынан жарықсыз отырған үй кешеніне таяқ тастам жер ғана. Бірақ екі құрылыс компаниясының келісе алмауынан еш кінәсы жоқ тұрғындар зардап шегіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!