Педофилдермен күрес – ІІМ 200-ден аса парақша ашты
Интернет әлемінде педофилдерді қақпанға түсірумен арнайы топ айналысып жүр. Ішкі істер министрлігі қылмысқа қатысы барларды анықтауға әлеуметтік желілерде 200-ден аса жалған парақша ашылғанын айтты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.12.2020
Ділбар Төлегенова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті бөлім бастығының орынбасары:
- Аумақтық ішкі істер органдарында әлеуметтік желілерде, мессенджерлер мен пошта сервистерінде 200-ден астам жалған аккаунт құрылды. Құрылған топтардың міндеті – балаларға қарсы қылмыс жасауға алғышарттар жасай алатын әлеуметтік желілерді, парақтарды, қауымдастықтарды, топтарды, танысу сайттарын анықтау және бақылау.
Қазақстанда жыл басынан бері екі мыңнан астам интернет-ресурс порнографиялық материал таратқан. Оның мың жарымға жуығы бұғатталыпты. Тәртіп сақшылары заңға қайшы контенті бар 8 мыңнан аса шетелдік интернет-ресурс анықтаған. Оның ішінде 14 қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттау бар.
Парламент педофилдерге қатысты жазаны қатаңдату бойынша заң жобасын қарап жатыр. Құжат күшіне енсе, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипатта қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмайды және түрмеден мерзімінен бұрын босатылмайды. Ал жазасын қатаң режимдегі мекемеде ғана өтеуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!