«КТП» компаниясы жұмысшыларына 30 миллион қарыз – Ақтөбе
Ақтөбеде жалақысын даулаған жұмысшылар шу шығарды. Аймақтағы жол салумен айналысатын «КТП» компаниясының басшылары үш айдан бері қарамағындағыларға көк тиын төлемеген. Еңбек испекторларының есебінше, мекеменің жұмысшыларға жалпы қарызы 30 миллионнан асқан. Жалақыға жарымай жүрген жұмысшылардың жанайқайын тілшіміз тыңдап келді.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.12.2020
«Шыдамның да шегі бар». Ақтөбедегі жол құрылысымен айналысатын компанияның 70-ке жуық жұмысшысы шу шығарды. Үш айдан бері мекеме жалақы бермеген. Көк тиынсыз қалған жұмысшылар қарызға белшесінен батқанын айтады.
Абай Ерімбетов, жұмысшы:
- Әркімнің бала-шағасы, несиесі бар. Ақша бәріне керек. Жұрт қарызға батты. Қасымдағы жігіт дәрі-дәрмекке айына 30 мың теңге жұмсайды. Енді жұртқа 70 мың теңге қарызбын дейді. Енді қалай өмір сүреміз?
Андрей Гончаров, жұмысшы:
- Біз бүгін жұмыс істеуден бас тарттық. Айлық бермейінше, шықпаймыз. Өйткені қанша уақыттан бері «ертең» арғы күні береміз» деп келе жатыр. Жалақы әлі жоқ. Мен өзім бір жарым жыл осында жұмыс істеймін. Зейнетақы қорыма, медициналық сақтандыруға компаниядан бір тиын түспеген. Біздің айлықтан оны ай сайын ұстап қалады.
Еңбек инспекциясы жол жөндеушілердің жағдайынан хабардар екен. Прокуратураның ұсынысымен жуырда компанияға тексеру жүргізіп, 400 мың теңгеден астам айыппұл салған.
Аслан Махатов, Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының мемлекеттік инспекторы:
- Біз «КТП» ЖШС мекемесін тексеріп, айыппұл салып, нұсқама бердік. Бүгінде қыркүйек, қазан айына 30 миллионға жуық жалақы берешегі бар.
«КТП» компаниясы аймақтағы жол салатын ірі мердігер. Жыл сайын тендерге қатысып, миллиардтаған теңгенің тапсырысын алады. Биыл да құр қалмапты. Бірақ айлық беруге келгенде сараңдық танытып отыр. Тек жұмысшылар шу шығарған соң ғана жалақыны «әне-міне» аударамыз деп ант су ішті.
Захар Аронов, «КТП» ЖШС бас директорының орынбсары:
- Қазір қайта қаржыландыруға байланысты басқа банкке ауыстырып жатырмыз. Есепшотымыз біршама уақыт жабық болды. Қазір мәселені шешіп, жұмысшылардың жалақысының бір бөлігін бүгін-ертең төлейміз.
Алайда жол жөндеушілер жалақыны жырымдап алудан бас тартып отыр. Үш айлық қарызды мердігер «бірден төлесін» деп талап қойған. Жалақы толық төленбесе, жұмысқа шықпаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!