60 жасар депутат 15 жасар қызбен қатынаста болды деп айыпталды – Ақтөбе
Ақтөбеде 15 жастағы қызбен жақын қатынаста болды деп айыпталған облыстық мәслихат депутаты қамауға алынды. Осы оқиғадан кейін бірден «Нұр Отан» партиясынан шығарылған Аркадий Ни депутаттық мандатынан да айырылады. Ал депутат әрі өңірге белгілі кәсіпкерден жәбір көрген жасөспіріммен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
08.12.2020
Қалталы кәсіпкердің құрығы жетпеу үшін қызды құзырлы органдар құпия жерге тығып ұстауға мәжбүр деген де ақпарат бар. Полицияның өзі мәліметтерді жасырып әлек.
Аркадий Ниге дәл қазір партия түгілі бас қайғы. Ол үш күннен бері тергеу абақтысында жатыр. Кәсіпкер әрі мәслихат депутатының атынан Ақтөбеде ат үркеді деуге болады. Оның жас қызбен жыныстық қатынасқа түскені кешелі-бері ақпарат құралдарында жарияланып жатыр. Алайда ықпалды азаматтың атын атауға полицейлердің дәті жетпейтін сыңайлы.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Ақтөбе облыстық полиция департаментімен Ақтөбе қаласының азаматына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Қазір күдікті ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексіне сәйкес қамауға алынды.
Аркадий Ни бірер айда 60 жасқа толады. Ол кәмелетке толмаған қызбен ойнас құрды деген күдікке ілінуі сол еді, партия белді мүшесінен бір сәтте бас тартты. Тергеу енді басталғанымен, билік партиясы өз шешімін шығарып үлгерген.
Бағжан Тілегенов, Nur Otan партиясының Ақтөбе болыстық филиалы төрағасының орынбасары:
- Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Аркадий Ни заңға қайшы іс-әрекет жасады деген күдікпен ұсталу фактісімен филиалдың партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралып, саяси кеңес бюросында партиядан шығару туралы ұсыныс түсірілді. Саяси кеңес бюросының қаулысымен Аркадий Ни партия қатарынан шығарылды.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, 15 жастағы бойжеткен қала мектептерінің бірінде оқиды. Отбасында одан бөлек бірнеше баланы шешесі жалғыз асырап отыр. Басқа мәлімет тергеу құпиясына байланысты айтылмады. Қазір қыз бала құпия жерге жеткізіліп, психолог мамандардың қарауына алынған көрінеді.
Райхан Нұрқожаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Жәбірленуші – бір қыз. Қазір іс қаралып жатыр, мен нақты айта алмаймын. Қыз қазір қауіпсіз жерге орналастырылды. Ол баламен қазір арнайы мамандандырылған психологтар жұмыс істеп жатыр. Баланың көңіл-күйі жақсы, психологиялық ауытқуы жоқ.
Желіге тарап жатқан түрлі ақпарат көздерінің мәліметінше, Аркадий Ни 15 жастағы қыздың пәктігі үшін 1 миллион теңгені оның шешесіне берген. Кейін мұнысын әдетке айналдырып, әр жыныстық қатынасқа 50 мың теңгеден төлеп тұрыпты-мыс. Дегенмен депутаттың адвокаттары мұның барлығы жала екенін айтып ақталып жатыр.
2006 жылдан бері тамақ өндірісімен айланысатын мекемені ірі компанияға айналдырған кәсіпкер Теннис федерациясының да Ақтөбедегі ресми өкілі. Сондықтан құзырлы органдар тергеу құпиялығын желеу етіп, істегі ақпаратты шашау шығармай буып ұстап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!