Несиені көп алуға жол бергізбейтін заң жобасы мақұлданды
Микроқаржы ұйымдары азаматтарға несие берер кезде оның пайызын қосқандағы соманы келісімшарттың бірінші бетіне жазуы керек. Қазақстандықтардың несиені тым көп алуына жол бермеу мақсатында әзірленген заң жобасын Мәжіліс бүгін бірінші оқылымда мақұлдады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
09.12.2020
Төменгі палата депутаты Альберт Раудың айтуынша, халыққа оңды-солды несие беретін ұйым көбейген. Әсіресе жағдайы төмен азаматтарға несие беру тыйылмай тұр. Мәселен, бірінші несиелік бюроның мәліметінше, 2020 жылдың 1-қарашасындағы жағдай бойынша микроқаржы ұйымдарынан 170 мың кәсіпкер мен 810 мың жеке тұлға қарыз алған. Несиенің жалпы сомасы 735 миллиард теңгеден асып кетіпті. Ал 310 мыңнан астам адам қарызын қайтара алмай жүр.
Мәжілісмендер әзірлеген заң жобасы коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Депутаттар олардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерін 10 миллион теңге деп белгілеуді ұсынды.
Альберт Рау, Мәжіліс депутаты:
- Жарғы капиталына қатысты талап енгізудің негізі бар. Мәселен, активтер ақпаратты сақтау, жеке мәліметті қорғау, аудио-видео бекіту, кеңсе ұстау және тағы басқасына қажет. Компанияның жарғы капиталы бизнес жауапкершілігін сезіну үшін керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!