Қаржы пирамидасына алданғандар мемлекеттен көмек сұрап отыр
Алматыда атышулы «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард» және «Выгодный займ» қаржы пирамидаларына алданғандар тағы наразылық білдірді. Сан соғып қалған жұрт алаяқтардан тәркіленген қаражат барлығымызға жетпейді деп күйінеді. Сондықтан ақшасын салып опық жеген халық бұл іске мемлекет басшысының араласуын сұрап отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
09.12.2020
«Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард» және «Выгодный займ» қаржы пирамидаларына алданған алматылықтар. Несие ұйымдарының «ертегісіне» сеніп опық жеген жұрттың көңілі күпті. «Алаяқтардан тәркіленген мүлік пен ақша барлығымызға жетпейді» деп алаңдаған салымшылар мемлекеттен көмек сұрайды.
Ақкенже Омарова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Тәркіленген ақша аз. 2 миллиард кімге жетеді? Талабымыз – мемлекет жәбірленушілер қорынан бізге ақша бөліп берсін. Неге десеңіз, қазір барлығының жағдайы қиын. Соның кесірінен адам өлімі, инфаркт болып, ажырасып жатыр.
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі салымшылар алаяқтардың қақпанына түскенін жыл басында білген. Сол уақыттан бері қаржы пирамидаларының 2 млрд. теңгені құрайтын мүлкі тәркіленді. Ал атышулы ұйымның негізін қалаған үшеудің біреуі ғана ұсталған. Екеуі шетелде қашып жүр. Олардың жұртқа келтірген шығыны 20 млрд. теңгеден асады. Жәбірленушілердің саны 17 мыңға жеткен.
Нұрділдә Ораз, ІІМ ресми өкілі:
- 10- қарашада «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард» және «Выгодный займ» сияқты қаржы пирамидаларына қатысты тергеу аяқталып, қазір тараптарға таныстыруға жіберіліп отыр. Осы іс бойынша 50-ге тарта күдікті деп танылған азамат барлық іспен таныстырылады. 33 азамат қамауға алынды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардың арбауына түсетіндердің саны карантинде күрт артқанын жеткізді. Мамандар ақшасын ойланбай жіберіп, опық жейтіндерге қаржылық сауаттылықты арттыру керектігін жеткізді.
Мақсат Шағдаров, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма басшысы:
- Қазір қаржы пирамидалары қаптап кетті. Онлайн түрде жұртты алдайтындар да жетерлік. Біз халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі шара өткіземіз. Ресми сайтымызда түрлі тренингтер пен роликтер бар. Халықты соларды көруге шақырамын. Ақша салмас бұрын кез келген ұйымды терең зерттеу керек деп кеңес беремін.
Ішкі Істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері түрлі қаржы пирамидаларына қатысты 250 қылмыстық іс қозғалып, оның 120-сы сотқа жолданған. Барлығын қосқанда елімізде 25 мыңнан астам адам осындай күмәнді ұйымдарға 33 миллиард теңгеден астам қаражатын санап беріпті. Өкінішке қарай, қанша адамды қан қақсатқан «Гарант Ломбард 24» көпшілікке сабақ болмай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!